Аудан бюджеті нақтыланды
Ұлытау аудандық мәслихатының VIII сессиясында бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Аудандық мәслихаттың хатшысы Аманжол МЫРЗАБЕКОВ тізгіндеген депутаттардың басты жиынына аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВ, аудан әкімінің орынбасарлары, тиісті мемлекеттік құрылымдардың басшылары, БАҚ өкілдері қатысты. Аудандық бөлімдер басшылары, кенттер мен ауылдық округтер әкімдері ZOOM платформасы арқылы байланыста болды.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе «Ұлытау аудандық мәслихатының 2020 жылғы 30 желтоқсандағы қырық сегізінші сессиясының «2021-2023 жылдарға арналған аудан бюджеті туралы» №414 шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Тасболат Шайхин хабарлама жасады.
Маңызды мәселе егжей-тегжейлі талқыға түскен соң мандат иелері тарапынан толық қолдау тапты. Аудандық бюджеттің нақтыланған нұсқасы аудан аумағындағы шешімін күткен күрделі мәселелердің түйінін түбегейлі тарқатуға тікелей септігін тигізеді деп күтілуде.
Депутаттар корпусы Ұлытау аудандық мәслихатының 2020 жылғы 6 сәуірдегі «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үйге мұқтаж азаматтарды есепке алу және кезекке қою, сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй беру жөніндегі комиссияның құрамын және комиссияның ережесін бекіту туралы» №33 шешіміне өзгеріс енгізу туралы» қойылған мәселеге де қолдау білдірді.
Сессия күн тәртібіне сонымен қатар, «Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аудандық комиссия құру және ережесін бекіту туралы» Ұлытау аудандық мәслихатының 2019 жылғы 21 мамырдағы отыз бірінші сессиясының №283 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» мәселе қойылып, оң сипатты шешім шығарылды.
Депутаттар жиынында Советбек Медебаев ауданның бүгінгі таңдағы ахуалына, даму бағытында қолға алынған жұмыстарға, олардың іске асырылу деңгейіне, істі ілгері бастыру шарттылықтары мен алға шығарылатын талаптарға қатысты сараптамалық мазмұнда сөз қозғады.
Сессия жұмысы қорытындыланғаннан кейін Советбек Тұрсынұлы «Алтын Қыран-2021» республикалық энциклопедиясына есімі мен дерек-мәліметтері енген аудандық мәслихаттың хатшысы Аманжол Мырзабековке «Алтын Қыран» төсбелгісін табыс етті. Бұл жинақта Қазақстан Республикасының дамуы мен өркендеуіне үлес қосып, қызметтің әр саласында еңбегімен ерекшеленген азаматтар қамтылғанын айта кеткен жөн.
Өз тілшімізден.