Аудан бюджеті нақтыланды
Ұлытау аудандық мәслихатының хатшысы Аманжол МЫРЗАБЕКОВТЫҢ төрағалығымен өткен тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысына аудан әкімі Советбек МЕДЕБАЕВ, аудан әкімінің орынбасарлары және БАҚ өкілдері қатысты. Ал кенттер мен ауылдық округтер әкімдері, аудандық мекеме-кәсіпорындар басшылары ZOOM платформасы арқылы бейнебайланыста болды.
Депутаттардың басқосуында аудандық мәслихаттың IV сессиясының күн тәртібіне ұсынылған «Ұлытау аудандық мәслихатының 2020 жылғы 30 желтоқсандағы XLVIII сессиясының №414 «2021-2023 жылдарға арналған аудан бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселе талқыға түсті. Маңызды сауал бойынша аудандық экономика және қаржы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ержан Бимағанбет хабарлама жасады.
Мандат иелері мәселені жанжақты қарастырып, егжей-тегжейлі зерделеді. Соның аясында қазіргі сұраныстар мен талаптардан бастау алатын, өздерінің көңіл төріндегі ой-пікірлері мен ұсыныстарын да бүкпесіз ортаға салды. Тиісінше, аудан әкімі бастаған атқарушы билік өкілдерімен көтерілген ортақ мүдделі сауалдарға қатысты пікір алмасу өрбіді. Талқылау түйінінде бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі жобаны қолдап, сессия қарауына ұсыну туралы шешім қабылданды.
Тұрақты комиссиялардың біріккен отырысында сондай-ақ, аудан әкімдігі мен салалық бағыттағы мемлекеттік бөлімдерде орын алған жаңа кадрлық тағайындауларға байланысты аудан әкімдігінің дербес құрамына, аудандық деңгейдегі бірқатар кеңестер мен комиссиялардың құрамына өзгерістер енгізу туралы мәселелер қаралды. Оларға қатысты аудан әкімінің орынбасары Мақсұт Оспанов, аудан әкімі аппараты басшысының міндетін атқарушы Мадияр Торғаев, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ержан Дәуітбаев, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айна Әбілова хабарлама жасады. Депутаттар аталған тақырыптағы шешімдер жобаларына қолдау білдіріп, сессияның қарауына ұсыну жөнінде ұйғарымға келді.
Тұрақты комиссиялар отырысынан кейін депутат Зейпін Қазанбаеваның тізгін ұстауымен аудандық мәслихаттың IV сессиясы өтіп, тиянақты қарастырылған мәселелер бойынша түбегейлі шешімдер қабылданды.
Депутаттардың басты жиынында, сонымен қатар, аудандық мәслихаттың кезекті V сессиясын әзірлеу мен өткізуге қатысты сауалдар тізбегі қарастырылып, тиісті тұжырымдар жасалды.
Сессия жұмысы қорытындыланған соң аудан әкімі Советбек Медебаев ауданның одан әрі дамуы бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша шолу жасады. Алғабас ауылдық округінде коронавирус індетін жұқтыру жағдайының белең алуы алаңдататынын айрықша атап өтіп, оған тежеу қою шараларын пәрменді әрі тиімді атқарылу шарттылықтарына тоқталды. Сөз түйінінде Советбек Тұрсынұлы аудандық мәслихаттың депутаттар корпусын осы мақсаттағы іс-әрекеттерге белсенді түрде араласуға шақырды.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ