Ауданға екі автобус берілді

Республика күні қарсаңында ауданымыздың екі мектебі оқушылар тасымалдауға арналған автобус алды. Оны Ұлытау облысының əкімі Берік ƏБДІҒАЛИҰЛЫ мен облыстық мəслихаттың төрағасы Бауыржан ШЫҢҒЫСОВ салтанатты түрде табыс етті.

Жалпы, бұл күні Ұлытау облысының 8 мектебі осындай жаңа автобустар алды. Ал бұл көліктер облыс əкімінің тапсырмасымен сатып алынды. Оған облыстық бюджеттен 462 млн. теңге қаржы бөлініп, 10 автобус алынған болатын. Оның екеуі бұған дейін облыстың екі мектебіне, Жезқазған қаласындағы №13 жалпы білім беретін мектебі мен Жаңаарқа ауданының Қызылжар стансасындағы жалпы білім беретін мектепке табысталған болатын.
Оқушыларды тасымалдауға арналған 8 көлік бұл жолы Қаражал қаласының №1, Жəйрем кентіндегі №30 мектептеріне, Жаңаарқа ауданының №1 мектеп-лицейіне, Сəтбаев қаласының Оқушылар сарайына, №3 «Білім-инновация» лицей-интернатына жəне Абай атындағы мамандандырылған мектеп-интернатына берілді. Осылардың қатарында біздің ауданымыздағы екі мектеп – Жезді кентіндегі №6 жəне Ұлытау селосындағы №1 тірек мектебі де бар.

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2024 жылы осындай тағы 10 білім беру ошағын жаңа автобуспен қамтуға қаражат қарастырылуда.

Ізбасар ОЙБАС.