«Атамекен» экспедициясы Қарағанды облысында болып қайтты

Қарағанды облысында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Egemen Qazaqstan» және «Казахстанская правда» республикалық газеттері ұйымдастырған «Атамекен» экспедициясы болды. Басылым қызметкерлері Жаңаарқа, Жезқазған және Ұлытаудағы тарихи-мәдени орындарды аралады.

Экспедицияның негізгі мақсаты – өңірлердің тарихи-мәдени және туристік әлеуетін көпшілікке танымал ету.

Оның құрамына «Egemen Qazaqstan» РГ» АҚ төрағасының орынбасары Ерболат Қамен, «Egemen Qazaqstan» газеті бас редакторының орынбасары Талғат Батырхан, «Казахстанская правда» газеті сайтының бас редакторы Евгений Федоров, сондай-ақ журналистика ардагерлері мен жергілікті БАҚ өкілдері кірді.

Автокеруенді облысқа кіре берісте қарсы алды. Ары қарай экспедиция аймақтың тарихи жерлеріне бет алды.

Көрнекті ғалым, этнограф, жазушы Ақселеу Сейдімбектің туған жері Жаңаарқада кітапханада кездесу өтті. Экспедиция қатысушыларына қайраткердің өмірі мен шығармашылығына арналған «Құрмалдық» кітабы таныстырылды. Авторы – белгілі журналист, публицист Төрехан Майбас.

Маршруттың келесі нүктесі – Жезқазған болды. Басылым қызметкерлері жергілікті тарихи-археологиялық мұражайда, Жошы хан мен Алаша хан кесенелерінде болды.

Ұлытау ауданы мәдени мұраға бай өлке. Оның аумағында 300-ден астам тарихи ескерткіштер бар. Ұлттық тарихи-мәдени және табиғи мұражай-қорығы жұмыс істейді. Экспедиция қатысушылары «Ұлытау» визит-орталығында болды.

Қарағанды облысынан Елордаға оралғаннан кейін эстафета келесі өңірлерге берілді.