АТАМ – МЕНІҢ МАҚТАНЫШЫМ!
Біз – бақытты ұрпақпыз. Бүгінгі бақытты өмірге жеткеніміз – Ұлы Отан соғысында елімізді қорғаған аға ұрпақтың, ардагерлеріміздің арқасы. Соншама жыл өтсе де, ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды, ұмытылмайтынын кейінгі ұрпақ дәлелдеп отыр. Бұл мерекенің құндылығы мен қымбаттылығы – осында.
Осы бақытымызды, шаттыққа толы күндерімізді бағалай білейік. Еліміз гүлденіп, көркейе берсін!
1945 жылдың 9 мамыры күллі елдің жадында ерлік пен мұқалмас жігердің үлгісі болып қалды. Бұл – қанмен, көз жасымен келген Жеңіс! Сондықтан да еш уақытта естен шықпайды. Отанын қасық қаны қалғанша қорғаған жандардың ерлігі мәңгілік жадымызда сақталады. Уақыт сынаптай сырғып, жылдар өтсе де, ерлік – елдің есінде!
Бұл – жанқиярлық ерліктің, еңселі елдіктің рухы биіктеп, Жеңіс жалауы желбіреген күн. Ел тұғырының берік, еңсеміздің биік болуы бейбіт күннің арқасы.
Осынау айтулы мерекеге орай, сол сұрапыл соғысқа қатынасқан үлкен атам Кәкман Әлменбетұлы Әлменбетов туралы естелік жазуды жөн көрдім. Атам – Ұлы Отан соғысының ардагері және екінші топтағы мүгедегі, Қарағанды облысының сол кездегі Қарсақбай ауданы Сарысу колхозында 1923 жылы дүниеге келген.
Ел басына қауіп-қатер төнген қиын кезеңде Қарсақбай ауданына қарасты Сарысу, Аралтөбе, Жетіқоңыр ауылдарынан майданға 150-ден астам азамат аттанған екен. Солардың қатарында Отан қорғау үшін менің атам да 19 жасында қан майданға аттаныпты.
Ол Ұлы Отан соғысында бірінші Украина майданындағы 336-дивизияның 1130-атқыштар полкінде Отан үшін от кешіп, елі мен жерін қорғауға атсалысты. Жеңісті жақындату жолындағы жауға қарсы кезекті бір сұрапыл шайқас кезінде Берлин қаласына 250 шақырым қалғанда 1945 жылдың 29 наурызында ауыр жарақат алып, госпитальге түседі.
Атамыздың бізде сақталған естелігінде «1945 жылдың 29 наурызында кезекті бір шабуыл кезінде, оң жағымнан бір солдаттың ауыр жарақат алғаннан жанұшыра айқайлаған дауысы естілді. Соған басымды бұрып қарай бергенімде, маған да оқ тиіп жарақаттандым. Есімді жиып, көзімді ашсам, Николай атты майдандас жолдасым мені сүйретіп бір шұңқырға әкеліп тұр екен. Ол маған «жарақатың ауыр, бірақ өлмейсің, елге ораласың» деп, менімен қоштасып әрі қарай шабуылға кете берді. Одан кейін мен оны көрген жоқпын. Оқ сол жақ жағымнан тиіп, тістерімді, оң жақ сүйегімді сындырып, оң жақ иығымнан тесіп өтіпті».
Содан Кисловодск қаласында госпитальде 7 ай жатып емделіп, 1945 жылдың қазан айында көптеген майдандастары секілді соғыстан елге мүгедек болып оралады. Елге келгеннен соң бейбіт еңбекке араласып, еліміздің өркендеуіне
өз үлесін қосты. Зейнет демалысына шыққанша барлық еңбек жолы Қарағанды
облысының (қазіргі Ұлытау облысы) сол кездердегі Қарсақбай және Жезді ауданындарында, яғни, қазіргі Ұлытау ауданында өтті.
Атам 1946 жылдан 1948 жылға дейін колхоз құрылысында еңбек етті. 1948 жылдан 1955 жылға дейін ауылдық кеңестің хатшысы болды. 1955 жылдан 1963 жылға дейін зоотехник, ферма меңгерушісі қызметтерін атқарды. Ал, 1963 жылдан зейнеткерлікке шыққанша, яғни, 1979 жылға дейін совхозда ауыл шаруашылығының түрлі саласында қызметтер атқарды. Еңбек еткен жылдарында алты рет ауылдық кеңестің депутаты болды.
Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерліктері және бейбіт өмірдегі қажырлы еңбегі үшін бір орден, он бір медальмен, сонымен қатар, бірнеше Мақтау қағаздары және Алғыс хаттармен марапатталды. Атап айтар болсақ:
«Бірінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ордені;
«1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерен еңбегі үшін» мерекелік медалі;
«1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында фашистік Германияны жеңгені үшін» мерекелік медалі;
«Тың жерлерді игергені үшін» мерекелік медалі;
«СССР Қарулы күштеріне 50 және 70 жыл» мерекелік медальдері;
«1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының 20, 25, 30, 40 және 50 жылдығы» мерекелік медальдері;
«Кеңес Одағының Маршалы Г.К. Жуков» мерекелік медалі.
Атам мен әжем үш ұл, екі қызды – біздің аталарымыз бен апаларымызды тәрбиелеп өсірірген.
Балаларының үлкені Сәбек атам Бәткен әжеммен зейнеткерлікке шыққанша Жезқазған қаласында қызмет етті, қазірде Астана қаласында тұрады.
Екінші баласы Болат атам көп жылдар бойы Жезқазған облысы, Жезді ауданы және Жезқазған қаласында денсаулық саласында жемісті қызмет атқарды, «Қазақтан Республикасы Денсаулық ісінің үздігі» атағының иегері. Жезқазған қалалық мәслихатының депутаты болған. Бүгінде Гүлдания әжеммен зейнет жасында, Астана қаласында тұрып жатыр.
Мағауия апам көп жылдар бойы Жезқазған қаласында сауда саласында жемісті қызмет етті.
Ал, Ағия апам зейнеткерлікке шыққанша Жезқазған қаласында қаржы саласында қажырлы қызмет атқарды, бүгінде Астана қаласында тұрады.
Кіші баласы менің атам Гарифулла Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде қызмет атқарады. Ол Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталған, «Қазақстан Республикасының Құрметті байланысшысы», «Үздік мемлекеттік қызметкер» атақтарының иегері.
Бүгінде немерелері де жоғарғы оқу орындарын бітіріп, қоғамның әр саласында еңбек етіп жүр. Шөберелері – мектеп және бала-бақша жасында.
Біздер, артында қалған ұрпақтары, атамыздың сол соғыста Отан қорғаушылар қатарында болғанын мақтан тұтамыз.
Үлкен атам 1997 жылдың 6 қазанында 75 жасқа қараған шағында Жезқазған қаласында қайтыс болған.
Атам және атам сияқты соғысқа қатынасқан көптеген майдангерлер қазір арамызда жоқ. Атама және басқа да Ұлы Жеңістің 80 жылдығын көре алмай кеткен майдангер ата-әжелерімізге жатқан жерлеріңіз жайлы, топырақтарыңыз торқа болсын дей отырып, Сіздердің ерліктеріңіз ұрпақтарыңыздың мәңгі есінде дегім келеді.
Сонымен қатар, бүгінде арамызда жүрген соғыс ардагерлерін, бейбіт күнді жақындатуға зор үлес қосқан тың еңбеккерлерін және барлық республика тұрғындарын Ұлы Жеңістің 80 жылдық жарқын мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Жер бетінде ешқашан соғыс болмасын!
Жеңіс Туы көкте мәңгі желбіреп тұрсын!
Ұлықбек ГАРИФУЛЛАЕВ,
шөбересі.