Қатал сынға қамданыс ойдағыдай, –дейді округ әкімі

«Қыс – қатал сыншы» дейтін шаруа баққан халық оған әр кез қапысыз қамдық жасайды. Жаздың әр күнін тиімді пайдаланып, берік жемшөп қорын жасайды, пешін жөндеп, құдығын тазалайды. Жолы мен байланысты да қаперінен шығармайды. Өйткені, қыстың көзі қырауда оған мойын бұруға мұрша болмай қалады.

Табиғаты қатал, қысы қытымыр келетін Ұлытау өңірі үшін қысқа әзірлік тіптен ерекше болуы қажет. Өйткені бұл төңіректің қысы ерте түсіп, көктемі кеш шығады. Өзге ел «алты ай қыс» десе, бұл өңірдің халқы «тоғыз ай қыс» қыспағынан шықтық десіп жатады. Міне, сол тоғыз айы тозақтың отынан кем түспейтін қысқа бір шаруаң түзу түспесе, қиындықтың көкесін көреріңіз хақ. Осыны жақсы білетін, және бастарынан талай өткерген ауылдағы ағайын қысқа ертерек қамдық жасап, шаруаларын түгендеп алады. Бұл істі Аманкелді ауылы да тап-тұйнақтай етіп алғанға ұқсайды.