Ата Заң – елдігіміздің тұғыры
Ата Заңның 1-бабының 1-тармағында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» делінген. Демек, еліміздің Ата Заңы халқымыздың тәуелсіз мемлекет болуды армандаған мүддесін заң тілінде айшықтаған, әлемге Қазақстан деген мемлекет бар екенін паш еткен құқықтық құжат болып табылады.
Қазіргі дүниедегі кез-келген мемлекет өзінің алғашқы бастамасын тәуелсіздігімен қатар, Конституциясын қабылдаудан бастайды. Бұл – сол мемлекетті құраушы ұлттың ғасырлардан жинақталған өзіне тән ұстанымының, заңдарының, жүрген жолдарының өзегінен шығып, келешегіне бағдар жасайтын басты белгі. Ұлы даланы мекендеген алты Алаштың да өз дала заңдары, өзіндік конституциясы болғаны анық.
Конституция тек мемлекеттің ғана емес, қоғамның да Ата Заңы болып табылады. Конституцияны қабылдай отырып, Қазақстан халқы мемлекеттік биліктің бірден-бір қайнар көзі – өзінің егемен құқығын іске асырды. Осылайша, біз Конституцияда қаланған құқықтық мемлекетті және азаматтық қоғамды қалыптастыру жолын таңдап алдық.
Қазақстанның қоғамдық қатынастардың көптеген салаларында қол жеткізген жетістіктері, егемен еліміздің қалыптасуы жолындағы қиындықтарды еңсеруге ғана емес, сонымен қатар, оның халықаралық-құқықтық беделін айтарлықтай күшейтуге мүмкіндік берді.
Конституция – барлық заң салаларының негізі, ал оның нормалары – басқа заңдар үшін басты қағида болып есептеледі. Конституция дегеніміз – қоғамдық және мемлекеттік құрылыс негіздерін, мемлекеттік органдар жүйесін, олардың түзілу реттілігі мен қызметін, азаматтардың құқықтары мен міндеттерін айқындайтын мемлекеттік заң. Әрине, Қазақстан халқының егемен құқығы тек Конституция қабылдаумен тиянақталып қалмайды. Ол мемлекеттің аса маңызды мәселелерін шешу үшін халықтың бойындағы барлық конституциялық-құқықтық мүмкіндіктерді де жинақтайды. Мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін талқылау және шешу кезінде әрбір кұқықтық санасы жоғары азамат Конституцияда жазылған жауапкершілікті сезінуі қажет.
Қазақстан Республикасы Конституциясының ең жоғарғы заңдық күші бар. Әрбір азамат өзінің құқықтары мен бостандықтарын қорғау үшін конституция, оның нормаларын пайдалана алады. Сонымен, ҚР-ның Конституциясы – елдің басты саяси құқықтық құжаты. Заңға бағыну – тәртіп, ал тәртіп бар жерде тәрбие, тиянақтылық сияқты адамға тән қасиеттер бар. Сол қасиеттер қоғам дамуына негіз болады. Өз Отанын танып-сүюі, оның заңдарына бағынуы – бұл әр адамның азаматтық жауапкершілігін сезінуі, өз елінің алдындағы азаматтық борышын орындауы. Әрбір қазақстандық Ата Заңымызды сыйлап, құрметтей білсек, сол игі!
Ақнұр ДОМБАЕВА,
Ұлытау аудандық соты әкімшісінің басшысы.