Ата Заң – ел дамуының негізі
Ата Заң күніне орай, «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қоры–музейінің ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасының Конституциясы және мәдени мұраны сақтау» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Түпкі меже Ұлытау өңіріндегі мәдени мұраларды сақтау мақсатында ұйымдастырылған шараға Ұлытау ауданы прокуратурасының прокуроры Нұрдәулет Күнділдә, облыстық тарихи-археологиялық музейінің директоры Зағира Қалменова, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Азамат Каренов, облыстық тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының қызметкері Айдар Искаков, Ұлытау ауылының еңбек ардагері Әлімбек Жандарбеков, аудандық «Ұлытау» газетінің редакторының орынбасары Қайрат Кенжекұлы қатысты.
Ауқымы кең басқосуды құттықтау сөзімен ашқан «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-музейінің директоры Әлібек Күзербаев өз сөзінде Ұлытау музейін қай тұрғыдан алып қарасақ та, өте маңызды болып саналатыны тарихи-мәдени ескерткіштерінің құндылығы екенін айта келе мәдени мұраны сақтау күн тәртібінде тұрған өзекті мәселе екендігіне екпін берді. Бұл басқосу мәдени мұраны насихаттай отырып, туризмді түлету талпыныстарына ерекше серпін береріне сенім білдірді. Бұдан соң музей басшысы жиынға қатысушыларды көкейдегі көрікті ойларын ортаға салуға шақырды.
Дөңгелек үстелге арнайы шақырылған Ұлытау ауданы прокуратурасының прокуроры Нұрдәулет Жаңабайұлы қатысушыларды Конституция күнімен құттықтап, Ата Заңның қадір-қасиетін кеңінен әңгімеледі. Одан кейін Ұлытау облыстық тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының қызметкері Айдар Искаков археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған құнды жәдігерлерді әңгіме ете отырып, көпшілік ықыласын өзіне аудартты. «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану бөлімінің меңгерушісі Азат Сабыржан өлкедегі мәдени мұралар жайында тың деректер мен дәйекті алға тартып, жиынға қатысушылардың қызығушылығын тудырды.
Келесі кезекте үстел басына жиналғандардың ой-пікірі мәдени мұраны сақтау деп айдар таққан тақырып аясында өрбіді. Ұлытау аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Азамат Каренов, Ұлытау ауылының еңбек ардагері Әлімбек Жандарбеков, аудандық «Ұлытау» газеті редакторының орынбасары Қайрат Кенжекұлы мәдени мұраларды қорғау және сақтау жөніндегі ой-пікірлерін салмақты жеткізді.
Қорыта айтқанда, тарихи-мәдени мұралардың сақталуы, насихатталуы дөңгелек үстел басында кең көлемде талқыланып, соңғы түйінінде тұжырымды ұсыныстар негізге алынды. Онда осы саладағы заңнаманы күшейтудің қажеттілігіне, тарихи-мәдени мұра нысандарын насихаттауға музей тарапынан жүйелі әрі тиянақты жұмыстар жүргізіле беретіндігі айтылды.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.