Ата Заңға құрмет – елге құрмет
Жезқазған қаласындағы Халықтар достығы мен мәдениеті үйінде ҚР Ата Заң күніне орай салтанатты жиын өтті. Іс-шара шымылдығы Мемлекеттік Әнұранмен түрілді. Салтанатты кеш барысында Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы ұлытаулықтарды Ата Заң күнімен құттықтап, бірқатар үздік қызметкерге Ұлытау облысының Құрмет грамотасын және облыс әкімінің Алғыс хатын табыс етті.
«Ата заңымыз ел бірлігін және адамның ар-ұжданы мен абыройына қол сұғуға болмайтынын негіздеп, кемсітудің кез-келген түріне тыйым салу арқылы ұлтымызды ұйыстырады. Осы басты ұстанымдар баға жетпес байлығымыз – ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз етеді.
Тәуелсіздік рухы әрбір жолында көрініс тапқан Конституциямызға құрмет халқымызға тән отаншылдықтың арқауына айналып отыр» – деді Берік Әбдіғалиұлы өз сөзінде.
Айта кетейік, облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлының қолынан марапат алғандардың қатарында облыстың әртүрлі саласында қызмет ететін азаматтар, Сот және Прокуратура саласының қызметкерлері және жеке кәсіпкерлер де бар.
Сонымен қатар жиында Ұлытау облыстық сотының төрағасы Қайрат Адранов сөз алып, барша жиналған қауымды атаулы күнмен құттықтады.