Қасым-Жомарт Тоқаев пен Никол Пашинян БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді
Мемлекет басшысы Ереванға Қазақстан Президенті ретінде ресми сапармен алғаш рет келіп отырғанын атап өтіп, ыстық ықыласпен қарсы алғаны үшін барша армян халқына алғыс айтты. Сондай-ақ еліміз Арменияның көне тарихына, бай мәдениеті мен салт-дәстүріне ерекше құрметпен қарайтынын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Арменияны Қазақстанның Оңтүстік Кавказдағы өте маңызды әрі сенімді серіктесі ретінде атап өтті.
– Біздің қарым-қатынасымыз мызғымас достыққа және өзара қолдауға негізделген. Екіжақты байланысты жандандыру – ортақ мақсатымыз. Біздің аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті, өзара ықпалдастықты нығайту жолындағы мұратымыз – бір. Биыл екі ел арасындағы Достық және ынтымақтастық туралы шартқа 25 жыл толды. Осы уақыт ішінде Астана мен Ереван арасында ұзақ мерзімге арналған өзара тиімді серіктестіктің берік негізі қаланды. Біз Армениямен жан-жақты әріптестікті одан әрі дамытуға мүдделіміз. Сондықтан мен үшін бүгінгі сапардың мән-маңызы айрықша, – деді Президент.
Мемлекет басшысының пікірінше, бүгінгі келіссөздер екі елдің жоғары деңгейдегі ынтымақтастығын сақтауға мүдделі екенін дәлелдейді.
– Бүгін күн тәртібіндегі көптеген өзекті мәселе жан-жақты талқыланды. Біз нақты келісімдерге қол жеткіздік. Пашинян мырза бұл туралы жаңа ғана толығымен айтты. Әсіресе, сауда-экономика және инвестиция саласындағы байланыстың ауқымын кеңейтуге ерекше назар аудардық. Екіжақты сауда-саттықтың көлемі соңғы бес жылда тұрақты өсіп келеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.