Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді
Мемлекет басшысы Қазақстанда Тәжікстанмен достық қарым-қатынасты жоғары бағалайтынын атап өтті.
– Бауырлас тәжік халқына қазақ жерінде айрықша құрметпен қарайды. Отандастарымыз қазіргі Тәжікстан туралы көбірек біліп, тәжік халқының бай мәдениетімен тереңірек танысқысы келеді. Осы орайда Сіздің осындай ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру туралы бастамаңызды Қазақстан халқы мен еліміздің қонақтары ерекше ықыласпен қабыл алды. Бұл айтулы шара екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 30 жыл толған кезеңде өткізілуінің ерекше символдық мәні бар, – деді Президент.
Мемлекет басшысы барлық саладағы екіжақты ынтымақтастықтың, соның ішінде су және энергетика кешеніндегі өзара іс-әрекеттің қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
– Су және энергетика салаларындағы міндеттемелерді орындауға, атап айтқанда, Қазақстанға су және электр энергиясын жеткізуге байланысты шешімді уақтылы қабылдағаныңыз үшін Сізге және барша тәжік тарапына алғысымыз шексіз. Қазақстан өз тарапынан Сіздің алдыңғы сапарыңыз кезінде өзара келіскен барлық міндеттемені орындап жатыр, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.