Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезінің жабылуында сөз сөйледі
– Меймандарымыздың діні мен ділі бөлек болса да, тілегі мен ниеті бір екені сөзсіз. Съездің қорытынды Декларациясы – соның айқын дәлелі. Құжатта ортақ идеялар мен ұсыныстар көрініс тапты. Ең бастысы, дінбасылар ортақ мүдде жолында күш біріктіруге дайын екенін көрсетті, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, шын мәнінде, салмақты және сындарлы диалог – нағыз даналықтың көрінісі.
– Сіздер бүкіл әлемге көрегендік пен парасаттылықтың үлгісін көрсетіп отырсыздар. Сіздер деструктивті ағымдар мен зорлық-зомбылықты қатаң айыптап, қазіргі дағдарыстарды реттеу мүмкіндіктерін қарастырдыңыздар, әлеуметтік теңсіздікті еңсеру мен инклюзивті қоғам құру жолдарын талқыладыңыздар.
Съездің ашылуында сөйлеген сөзімде діни дипломатияның халықаралық аренадағы диалог пен сенімді нығайтуда маңызды рөл атқаратынын айтқан едім. Сіздердің де бұл ұстаныммен келісетіндеріңіз қуантады, – деді Мемлекет басшысы.