Қасым-Жомарт Тоқаев: «Халықтың сенімі – ең құнды нәрсе»

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлықтау рәсімі барысында  халық сенімін аманат ретінде қабылдайтынын және соған сай болу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынын айтты. 

«Шын мәнінде, ел сенімін еш нәрсемен өлшеу мүмкін емес. Халықтың сенімі – ең құнды нәрсе. Сайлау нәтижесін халқымыздың саяси бағдарыма – бағасы, алдағы жоспарыма – батасы деп қабылдаймын. Халқының қолдауына ие болып, ел тізгінін ұстау – ер азамат үшін ең биік мәртебе әрі орасан зор жауапкершілік.

Алдағы 7 жылды бүгінгі буынның және келешек ұрпақтың алдындағы борышымды өтеуге берілген бірегей мүмкіндік деп білемін. Қазақта «аманат» деген асыл ұғым бар. Халқымның сенімі – маған аманат. Осы аманатқа адал болу – мен үшін қасиетті парыз. Ел үмітін ақтап, Қазақстанды өркендеген, бақуатты мемлекетке айналдыру үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.