АСЫҚ ОЙНАҒАН – ОЗАР
Асық ойыны үнемі қимыл-қозғалысты қажет ететіндіктен, жас балалардың денесін шынықтырып, аяқ-қолдағы буын ауруларының алдын алады. Ойынды дене шынықтыру пәнінде тиімді қолдана білсе, оқушылар дені сау, сымбатты, икемді, салауатты болып өседі.
Жуырда «Модуль» спорт кешенінде аудандық білім бөлімінің әдіскері Еркебұлан Ыдығанұлы Өміртаевтың ұйымдастыруымен «Асық ату және бес асық» ойынынан аудандық және облыстық жарыстарда төрешілік ететін дене шынықтыру пән мұғалімдерінің қатысуымен шеберлік сабақ өткізілді.
Тәжірибесімен бөлісу үшін «Асық ату және бес асықтан» облыстық және республикалық деңгейдегі жарыстарға белсенді қатысушы, спорт мектебінің жаттықтырушысы Батырбай Тлеуұлы Сәрсекеев шақырылды. Қатысқан ұстаздар қажетті әдістемелік көмек алды, ойынға қойылатын жаңа талаптармен танысты, өз ойларымен бөлісті.
«Жалпы, бұл ойынды ойнаған бала топпен жұмыс істеуді үйренеді және де топтан озып шығу қабілетіне ие болады. Болашақта іске епті, жауапкершілігі мол жұмыскер шығады. Асық ойнағанда адамның тек екі қолы емес, ойлау мүшелерінен бастап, иығы, аяғы, барлық бұлшықеттері қимылдайды. Сондықтан, әр мектепке тәрбиелік мәні зор асық ойынын насихаттауды ұсыну жағын басшылыққа алған. Мектеп бағдарламасына кірсе, бұл – балалардың бос уақытын тиімді өткізуге сеп. Оларды мергендікке, шапшаңдыққа, сергектікке баулиды. Асық ежелден келе жатқан ұлттық ойынымыз болғандықтан, оны қазіргі кезде ойнауды балалар арасында кең таратуымыз қажет. Бұл тәжірибе жүзеге асса, оқушылардың ұлттық ойынға деген қызығушылықтары артып, асық ойыны қайта жаңғырар еді» – дейді аудандық білім бөлімінің әдіскері Еркебұлан Ыдығанұлы өз сөзінде.
Айдын НҰРТАЙ,
Е.Шаханов атындағы тірек мектебінің (ресурстық орталығы) дене шынықтыру пән бірлестігінің жетекшісі.