Аспанда барлығы тең: Қарағанды авиабазасында Қазақстандағы жалғыз қыз-ұшқыш-жойғыш қызмет етеді

Қарағандының авиациялық базасында әскери қызметті жалғыз қыз — аға лейтенант Ардана Ботай өткеруде. Авиациялық эскадрильяның аға ұшқыш-жойғыш лауазымында ол ерлермен тең дәрежеде жұмыс істейді.

Ардана бала кезінен әскери ұшқыш болуды армандаған.

— Мен ағаммен үнемі машинкамен ойнайтынмын, техника тақырыбындағы журналдарды жинайтынмын. Бірде мен МиГ-29 суретін кездестірдім және осы ұшақты игергім келетінін түсіндім. Тек ұшқыш қана емес, әскери ұшқыш болғым келетінін түсіндім, — деп еске алады қыз.

Туыстарының қолдауы мен табандылығының арқасында болашақ аспанды бағындырушы арманын жүзеге асыра алды. Бірақ мақсатқа жету жолында бәрі бірдей тегіс болған жоқ. Мектептен кейін бойжеткен Ақтөбедегі Т. Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институтында оқуға құжаттарын тапсырды. Бірақ оған теріс жауап келді. Алайда айтқанынан қайтпайтын Ардананы бұл тоқтата алмады.

— Сол кезде мен Алматыдағы Азаматтық авиация академиясына түсуге бел будым. Оны «әуе кемелері мен қозғалтқыштарды ұшуда пайдалану» мамандығы бойынша бітіргеннен кейін әскери қызметке түсу мүмкіндігін іздей бастадым. Академияны бітіргеннен кейін менде 240 сағаттық рейд болды. Оның қырық сағатын мен Астана қаласының мемлекеттік авиациялық орталығында ұшып машықтандым. TL-2000, Tecnam P-2002, Diamond DA42 екі қозғалтқышты аса жеңіл ұшақтарын игердім, — дейді ол.

Бүгінде Ардана «Су-30СМ» жаңа буындағы жойғыштарда ұшады. Бұл керемет ұшақ кез-келген ауа-райында әрекет ете алады. Ол жаудың ұшақтарын құлатып қана қоймай, жердегі нысандарды жойып, әуе барлауын да жүргізе алады.

Ұшқыштармен оқыту ешқашан тоқтамайды.

— Ардана Ботайдың ұшуға дайындалу үшін толық оқу — материалдық базасы бар, — деп есептейді авиациялық эскадрилья командирі подполковник Бірімжан Түлүпбаев. — Бүгінде ол шығару бағдарламасының 50% орындады. Өзін жақсы ұшу деректері бар сауатты және жауапты ұшқыш ретінде көрсете білді. Оған қойылатын талаптар барлық ұшу құрамымен бірдей, өйткені аспанда бәрі бірдей.

Ардананың айтуынша, оны тек туыстары мен әріптестері ғана емес, сонымен бірге аты аңызға айналған әскери ұшқыштардың мысалдары да жаңа жетістіктерге жетелейді.

— Авиацияның қыр-сырын зерттеу барысында мен Ұлы Отан соғысының көптеген көрнекті ұшқыштары туралы білдім, — дейді бойжеткен. — Бұл түнгі бомбардирлердің әйелдер полкінде қызмет еткен аты аңызға айналған Хиуаз Доспанова. Әрине, менің жерлесім Нүркен Әбдіров. Олардың іс-әрекеттері шабыттандырады және қажет болған жағдайда Отанды қорғау үшін одан да жақсы оқуға мәжбүр етеді.