Қасірет қайдан демеңіз…
Денесін бөлшектеді, басын кесіп, суға қайнатты, тырнақтары мен тістерін кесіп алды… Иә, бұл – 20 наурызда кісі қолынан қаза тапқан алматылық Аяжан Еділоваға қатысты жан түршігерлік оқиға. Ай мен күннің аманында қазақ қазақты аяусыз өлтіргеніне қарап, адамнан мейірім жоғала бастағанына тағы бір мәрте көз жетті. Көңіл құлазыды. Қыз біткеннің бәрі қас қарайған шақта көшеде емін-еркін жүру қауіпті екенін ұқты. Ата-ана кестетігерлерінің ертеңіне үрке қарай бастады…
Иә, осы күнге дейін өзімізді жүндеуге жуас, қойдан қоңыр қазақпыз деп ойлайтынбыз. Алайда жуастан жуан шықты. Құлқыны үшін «жемтік» іздеген азамат өрімдей жас қыздың өзіне, ата-анасына, тұтас әулетіне қаракүйе жақты. Оқиға неден басталды? Ел не дейді? Адамды азаптап өлтіру қазақтың қанында бар қасиет пе еді? Бірге таразылайық…
Аса қауіпті қылмыскердің есім-сойы – Рахманберді Төребеков. 28 жастағы жас жігіттің ата-анасы – мұғалім, өзі мектепті алтын медальға тәмамдаған, кейін фармацевт маманы атанған. Былайша айтқанда, биографиясы – идеал. Жағдайды бағамдайық. Әлеуметтік желіде желдей есіп жүрген пікірлердің басым көпшілігі қылмыскердің психикалық ауытқуы бар екенін алға тартқан. Енді қараңыз, ел ойлағандай айыпталушы «ауру» болса, «Аяжан пәктігін 500 мың теңгеге сатпақ болды. Менде ақша болмаған соң арамызда дау туды»,– демес еді. «Пәктігін сатқан қыз» деп «айдар таққанынан-ақ» қазақ қоғамы жерінуге даяр тұрады емес пе? Кінәні марқұмның қара басына аудара салғанына қарап, Төребековтың өте қу екенін аңғаруға болады. Ал қулықты меңгерген адамды ауру деп қалай айтамыз?!
Түптеп келгенде статистикалық деректерге сүйенсек, соңғы бес жылда«пәктік»құны 2 мың доллардан басталып, 3 миллион евроға дейін бағаланған. Сонда сән академиясында білім алатын, авторлық топтамалары мен интернет дүкені бар, сұлулық салонында қызмет жасаған қыз «қазынасын» 500 мың теңгеге сата салғысы келгеніне кім сенеді?!
Бұл турасында психиатр Аяулым Досжанова: «Тәртіп күшеймесе, талай қыз Аяжанның тағдырын қайталайды. Қылмыскерді ауру екен деп мүсіркеудің қажеті жоқ. Мектепті алтын белгімен бітіріп, фармацевтикаға оқуға түскен, бұрын-соңды сотталмаған азаматты психикалық дертке шалдыққан деу – негізсіз. Ол қандай әрекетке барса да адекватты күйде жасаған. Қыздың басын кесіп қайнатқаны да, тырнақтарын жұлып алғаны да, бір түннің ішінде денесін бөлшектеп үлгергені де белгілі бір мақсатпен жасалған сияқты»,–дейді.
Ал қоғам белсендісі Айгүл Орынбек: «Аяжанның ағасының сұхбатын қайта-қайта көріп шықтым. Ол жерде басқа адамның да денесі болды» деді.
Яғни, бұл жігіт бұдан бөлек қанша адамды сойып, бөлшектеп, керек органдарын сатып жүруі әбден мүмкін ғой»,–деген пікір қалдырды instagram парақшасында.
Расымен, қылмыскердің бір түнде адам денесін бөлшектеп үлгергені, оның қажет емес бөліктерін қоқыс жәшігіне тастағаны – даусыз әккі адамның тірлігі. Бұл – бір. Екіншіден, адамды неше жыл бұрын өлім құшса да тісі мен тырнағы арқылы тануға болады. Сондықтан қылмыскер тістері мен тырнақтарын кесіп алған. Ал басын кесіп, қайнатып, одан тек қу сүйек қалдыру алғаш рет адам өлтірген адамның қолынан келер тірлік пе?! Өзіңіз ойлаңызшы, «жаман айтпай, жақсы жоқ», осындай іске дәтіңіз барған күннің өзінде адам өлтіргеннен ары аса алмас едіңіз ғой… Үшіншіден, қылмыскер Алматыда қымбат аудандардың бірінде пәтер жалдап тұрған. Жұмыссыз адам пәтер ақысын төлеуге, ішіп-жемге қаржыны қайдан алып отыруы мүмкін? Төртіншіден, «Шымшық сойса да, қасапшы сойсын»,– деген сөз бар қазақта. Адам денесін сойып, қажетті органын алу адам анатомиясын жетік білетін медицина маманының қолынан ғана келеді. Ал адам органдарын саудалайтын қаскүнем топтарға бөлшектеуді асқан сауаттылықпен жасайтын маман керек екені айтпаса да түсінікті.
Сарапшылардың пікіріне сүйене отырып, қылмыскердің жай-күйін бағамдадық, қандай ой түйесіз, оны өзіңізге қалдырдық.
Енді әңгіме арнасын Аяжанға қарай бұрайық. Қыздың «Badoo» желісі арқылы Рахманберді Төребековпен танысқаны – бұлтартпас ақиқаттың бірі. Шыны керек, «Badoo» деген сөзді оқыған бетте сенімге селкеу түсті. Бір күрсініп алдық та, бар гәп осында екен ғой дедік ішімізден.
Нақты деректерге сүйенсек, қазіргі таңда аталған танысу сайтын 65% ағылшын, испан, италия, франция халықтары пайдаланса, 32%-ын орыстар құрайды. Мұнда санасына қазақы тәрбиені сіңіріп өскен, ары мен ұятын жалау еткен қыз-жігіттерге қарағанда орыстілді қазақ жастары отыруға бейім. Кейде «Badoo» сайтының мақсаты – ақпарат алмасып, әңгіме-дүкен құру ғана емес, қыз бен жігітті таныстырып, табыстыру һәм төсекте бастарын қосу сынды көрінеді»,– дейді аталған сайт қолданушысы, 20 жасар Тимур Әбжанов. Расымен, сайтта дене бітімдері мен түр-әлпеттері келіскен, арманыңыздағы азаматтар қаздай тізіліп тұрады. Біреуін таңдайсың да, сөйлесе кетесің. Ол ұнамаса, екіншісі, одан үшіншісі дайын тұрады. Кейбіреуі, тіптен, ұятты жерін көрсетудің шебері. Ұнаса, оны да көресің. «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ»…
Қысқасы, ежелден үркек ұят, уыз ар, ұяң қылығын тұмар қылған қазақ қызына бұл сайтқа тіркелу, тіркелгенің не, танысып-табысу – жат тірлік. «Өлетін бала молаға жүгіреді» деген осы, ағайын!
Ақгүл ҚҰДАЙБЕРГЕН