Қасиет қонған әулиетау
«Ұлт ұясы» атанған Ұлытау қашаннан тұмса табиғатымен де, терең тарихымен де ерекшеленген қастерлі өңір. Осы өңірге тән аңыз бен ақиқаттың арасындағы тылсым жасырылған жұмбақ ғасырдан-ғасырға шешуін таппаған күйі жалғасып келеді. Оны біреу білсе, біреу білмейді. Тіпті, Ұлытаудың соншалықты киелі мекен екенінен мүлдем бейхабар адамдар қаншама?! Осы олқылықтың орнын толтыру, Ұлт бесігінің қадірі мен қасиетін көпшілікке танымал ету мақсатында ақын, өлкетанушы Бағдат Байжантаевтың үздіксіз ізденісі нәтижесінде дүниеге келген сериялы материалдарын басылым бетінде дүркін-дүркін жариялап тұруды жөн санадық.
Ұлағаты ұшан-теңіз өлкенің киелі тылсымы хақында баяндайтын жарияланымдар оқырманның қызығушылығы мен ілтипатын тудырары күмәнсіз.
Қазақ даласының бәрі – бабаларымыздың тұлпарының тұяғы тиген, қасиеті сіңген киелі мекен. Әркімнің туған жері, думанды елі өзіне ыстық. Дегенмен, тарихы тамырлы, тауы тәңірлі, сан мың тағдырлы қарт Ұлытаудың орны бөлек. Абыздары таңды таңға ұрып көсілген, аңыздары ертегідей есілген Едігенің майлы жұрты қашаннан бастағы тағдырын тастағы таңбасынан танытқан, танымыңды зорайтып, талғамыңды арттырар тарихи ескерткіштерге де, тартымды табиғатқа да бай. Ықылым заманнан жазуы мен сызуы болмай тұрған кездің өзінде адамзат баласы тағдырлы тарихын аңыз арқылы қалдырып, тамырдан тараған ұрпағына жеткізіп келген. Қазақ ауыз әдебиетінің ішіндегі «Аңыз» жанры – қазақ халық ауыз әдебиетінің тарихқа негізделген бір саласы. Ол белгілі бір оқиғаларға, нақты деректер мен кісі атауларына немесе адамдардың іс-әрекетіне байланысты болып келеді. Аңыз әңгімелерде халықтың қоспасы болғанымен, негізгі тарихи ақиқат әңгіме желісінде нақты көрініс тауып, сақталып отырады. Біздің тарих – шежірешілердің жадымен, жыраулардың жырымен, жыршылардың үнімен жеткен тарих. Оқиға желісі күнделікті өмірде кездесетін қарапайым сюжетке құрылған аңыз-әңгімелерде ертегілердегідей әсіре қиялдау кездеспейдi. Мысал үшін, аңыз әңгімелерде Жошыхан, Едіге би, Асанқайғы сияқты өмірде болған нақты тарихи тұлғалар жайлы айтылса, ертегілерде Көлтауысар, Таусоғар, Желаяқ, Саққұлақ сияқты қиялдан туған образдар жайлы баяндалады.
Қазақ халқы үшін «Ауызша тарихтың» орны бөлек екенін М.Әуезов, Ш.Уәлиханов, А.Сейдімбек секілді белгілі ғалымдарымыз қанша дәлелдесе де, отарлау саясаты кезінде жадыдан-жадыға жаңғырып жеткен тарихымызды талқандау мақсатында «Ауызша тарихты» дереккөз ретінде ғылыми айналымнан алып тастаған.
Менің мақсатым – Тәуелсіздігіміздің тұғырын нықтап, туын қолға алған тұста ел тарихының бір шетін қазыдай кертіп, шежіре шертіп отыратын кәрі құлақ қарияларымыздан естіген аңыздарымды кейінгі ұрпаққа жеткізеотырып, бүгінгі ақиқатын айту
«Ұлт ұясы» атанған Ұлытау өңірі – ұмытылмас ұлы тұлғаларға, жадыдан өшпес жақсы-жайсаңдарға толы. Тасқа түскен таңбасынан басталатын тарихын таңға жырлап тауыса алмайтын қарт Ұлытаудың қасиетті төрі – Әулиетау мен Хан ордасының аңыздары мен ақиқатын әңгімеге арқау етпекпін. «Аңыз» деп отырғаным – халықтың жадымен бізге жетіп отырған әңгімелер. Ал «ақиқат» деп отырғаным – Аллаға алақан жайып, түрлі тілекпен, асыл ниетпен келіп, тілектері қабыл болған жандардың өз аузынан естіген немесе өз қолымен кітапқа жазылған әңгімелері.
Қасиетті кітабымыз Құранда да «Алланың ерекше назары ауған жерлер болады, ол жерде тілеген тілек қабыл болады. Алланың ерекше назары ауған ерлер болады, олардың берген батасы қабыл болады» деген аят келтірілген. Екі бірдей тарихи тұлға Бұқар жырау мен Қаздауысты Қазыбек бидің Әнет бабадан барып бата алуы – Әнет бабаны «Алланың назары түскен жан» деп тануында жатыр. Әйтпесе, сол заманда сақалы сала құлаш, сүйекті сөз сөйлеп, жілікті бата бере білетін абыздарымыздың аз болмағаны тарихтан белгілі.
Ұлытау – солтүстіктен оңтүстікке қарай ұзыннан ұзақ 200 шақырымға созылып жатқан таулар тізбегі. Оның ортасындағы биік тұсын «Ұлытау» деп, оңтүстік сілемдерін «Кішітау» деп, ал солтүстікке созылған тау сілемдерін «Арғанаты» деп, яғни, теріскей беті болғандықтан «Ұлытаудың арғы қанаты» деп атаған. Бізге жеткен тарихи деректерде бағзы замандарда Ұлытау – «Ертағы» деп, ал Кішітау – «Кертағы» деп аталған деседі. Ертағының – Ұлытау, Кертағының – Кішітау аталу тарихының желісі сонау көне ғасырлар қойнауына жетелейді. Яғни, сол замандарда, біздің дәуірімізге дейінгі VI-VII ғасырларда өмір сүрген зороастризм ғылымының негізін салушы, адамзаттың алғашқы діни және философиялық танымының негізін қалаушы ғұлама, ақын, кей деректерде «Дала пайғамбары» деп те кездесетін Заратуштрамен, Зердеш бабамен (түрікше атауы) байланыстырады. «Ұлытаудың ең биік нүктесі Ақмешіт әулие шыңында Зердеш баба үңгірі бар. Ол жер адамзат баласының тарихында тұңғыш рет жер-дүние жарқ етіп, Жаратқанның дидарын көрген, Алладан аян алған орын, Жер мен Көктің бір-бірімен түйісетін жері» деп айтылады бізге жеткен аңыздарда. Сол уақыттардан бастап Ертағы – «Ұлытау» деп аталынса керек. Қазіргі ғалымдар «Бүкіл әлемде Тәңірге жақын үш нүкте бар» деп дәлелдеп отыр. Соның бірі – Ұлт ұясы Ұлытаудағы Әулиетау шыңы болса, бірі – Алтайдағы Мұзтау және бірі – Ресейдегі Челябинск облысына қарасты Архаим тауы. Соның ішіндегі Ұлытаудағы Әулиетау «Адамзат баласының жоғары сана иесімен тылсым байланысқа түсетін орны» деп есептеледі. Әулиетау басындағы Зердеш баба үңгірінің жылдың төрт мезгілінде климаттық өзгеріске ұшырамай, бір қалыпты қоңыр жай ауа райын сақтап тұруының өзі, оның үлкен қасиетке ие екенін көрсетсе керек. Заратуштра – «фәниден өкінішсіз өтіп, бақидың рахатына кенелу үшін адамзат баласына «ізгілікті ойға беріл», «ізгілікті сөз айт» және «ізгілікті іс тындыр» деп үш шарт қойған ізгілік ілімін таратушы.
Әйгілі ойшыл Платон Зердеш бабаны «бақсылардың ұстазы» деп санаса, белгілі математик, философ Пифагор өзін «тағылар пайғамбарының шәкіртімін» деп жариялаған. Демек, Зердеш бабаға «тағылар пайғамбары» деген атау қос Тағыны, яғни, Ертағы мен Кертағыны қоныс еткендіктен берілген болуы әбден мүмкін.
Ал, Ұлытау шыңының Ақмешіт әулие атануын сонау XV ғасырдың бірінші жартысында осы өңірге Асанқайғының келуімен байланыстырады. Үлкен ойшыл-философ, дәулескер күйші Асанқайғының бірнеше әйелі болған деседі. Солардың ішінде аңыздарға арқау болып тарихта қалғаны бірінші әйелі Тана, екінші әйелі Ақмоншақ пен үшінші әйелі Танай. Кейбір деректерде Тана мен Танайды «апалы-сіңілі» деп, тіпті, кейде «бір кіндікті егіз қыздар екен» деп те баяндалады. Тана мен Танай Тобыл өзенінің жағасында, қазіргі Қостанай қаласының ортасындағы көне қорымда жатыр. Өз заманында әулиелігімен аты шыққан осы қос қыздың есімі ертеректе Тобыл өзенінің бойындағы қазіргі Қостанай қаласын тұйықтап тұрған сайға беріліп, ол жер «Қос Танай сай» аталса, 1879 жылы Ордабай қаласының атауы осы Тана мен Танайдың құрметіне «ҚосТанай» қаласы болып өзгертілді. Қазақ халқының дәстүрлі тарихында бабаларымыздың бірнеше әйел алғандығы жиі айтылады. Солардың ішінде ер-азамат таңдап, сүйіп қосылғаны бірінші әйелі, яғни, бәйбішесі болған. Ал қалған тоқалдарды бәйбіше таңдап, азаматының теңі болатын және өз айтқанынан шықпайтын, сөзін сыйлайтын өз жақындарынан, көбіне сіңілілерінен алып беріп отырған. Осы тұрғыдан алғанда Танайдың Тананың сіңілісі болу ықтималдығы басым.
Ұлытаудың «Ақмешіт әулие» деп аталатын шыңын ертеден «Әулиетау» деп атаған. Әулиетау сөзінің өзі «Әулиелі тау» деген сөздің қысқарған нұсқасы екені дау тудырмасы анық. Аңыздарда да, тарихи деректерде де жерұйық іздеп Орта Азияны желмаясымен жеті жыл кезген Асанқайғының Ұлытау биігінде жатқандығы және Әулиетаудағы жеті әулиенің бірі екендігі айтылады. Ал оның екінші әйелі Ақмоншақ әулие, емші, Ақмешіттің иесі болған деседі. Әулиетауға тілегін тілеп, дұғасын жасап, Алладан көмек, әулиелерден қолдау сұрап келгендер аппақ болып киініп, аппақ мешітке нұрдай сіңіп, еніп бара жатқан әйел адамның сұлбасын жиі көретіндерін айтатын болған. Тәңірден сұрап, тағзым етіп келгендер осындай оқиғаны жиі көретін болғандықтан, тау биігі «Ақмешіт әулие» деп аталып кеткен деседі бізге жеткен аңыздарда.
Ежелден Тәңірге табынған түркі жұрты тұмса табиғатты тірі организмге балаған. Таумен де, таспен де, өзен-сулармен де, орман-тоғай, нулармен де тілдесе, сырласа білген. Ниет етіп Ақмешіт әулие биігіне көтерілгендер де тау басынан алынған тасқа тілегін айтып, оны шағын мұнара етіп қалап кетеді. Бұл рәсімнің негізгі философиясы адамзат баласының тасқа айтып, тасқа сіңдіріп қалдырған тілегін тау жаңғырып қайталап тұрады. Сөйтіп, «Тәңірге жақын нүктеден Жаратқанның құлағына ілінеді, арман-тілектер қабыл болады» деп сенген. «Тілек – адамнан, қабылдау – Алладан» деген елміз. Ақиқатында киелі Әулиетауға келіп ниет етіп, тілек тілеген жандардың, сырқатынан айығып, сәби сүйіп, жолы ашылып, бағы жанғандары баршылық. Келесі материалдарымызда сондай нақты деректерге, яғни, Ұлытаудың аңызынан кейінгі ақиқатына кезек беретін боламыз.
Бағдат БАЙЖАНТАЕВ,
ақын, өлкетанушы