«Ашықтас» кеніші жаңғыртылмақ
Аптаның басында облыс əкімі Берік ƏБДІҒАЛИҰЛЫ «Caravan Resources» ЖШС Директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат САТЫЛҒАНОВПЕН кездесті. Кездесу барысында облыс əкіміне «Құрамында алтын бар кендерді үймелі шаймалау технологиясы бойынша «Ашықтас» кенішінде қайта өңдеу кешенінің құрылысы» жобасы таныстырылды.
Орайы келгенде айта кетейік, бұл жоба Ұлытау облысының 2022-2026 жылдарға арналған кешенді даму жоспарына енгізілген. Инвестиция құны 11 млрд. теңгені құрайды, 400 жаңа жұмыс орны ашылады. Өндірілетін өнім – алтын құрамдас қорытпа. Ал, тəжірибелікөнеркəсіптік кешен Жаңаарқа ауданындағы Шалғия кентінен оңтүстікке қарай 10 шақырым жерде орналасқан «Ашықтас» кен орнының жанында орналаспақ.
Кездесуде еліміз бойынша бірнеше кен орындарын ашып, пайдалы қазбалар өндірумен айналысатын аталмыш компания Ұлытау облысының да əлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосатын кен орнын іске қосуға ынталы екендіктерін жеткізді. Қазіргі уақытта жоба бойынша «Ашықтас» кен орнында барлау жұмыстары жүргізілуде. Екіжақты кездесуде компания басшылығы жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарды ұзарту мен бағалау жұмыстарын жүргізуге қосымша мемлекеттік қолдау қажет екенін алға тартты.
Өз кезегінде өңір басшысы ауыл тұрғындарына əлеуметтік көмек көрсету бөлігінде өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасасуды ұсынды. Жалпы, облыс əкімдігі осы инвестициялық жобаны іске асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ