АШЫҚ ФОРМАТТАҒЫ ЖҮЗДЕСУДЕ журналистер өзекті мәселелерді қозғады
Өткен аптаның соңында облыс əкімінің орынбасары Зина АҚЫЛБЕКОВА журналистермен кездесті. «Галстуксіз» кездесуге жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, тілшілері жəне республикалық БАҚ-тың облыстағы меншікті тілшілері қатысты.
Əдетте, мұндай кездесуде билік өкілі өңірдің қол жеткен жетістіктері мен алда тұрған жоспарларын айтып, соны елге насихаттайық деумен басталатын. Бұл жолы мұның бірі де болған жоқ. Ашық форматтағы кездесуде əңгіме тек ақпарат саласында орын алған, шешімін күткен мəселелер мен оны шешудің жолдары егжей-тегжейлі сөз болды.
– Бұл кездесуде мен облыс əкімінің орынбасары қызметіне кіріскен күні өткізуді ойлап едім. Бірақ соның сəті бүгін түсіп тұр. Оған мен жетекшілік ететін басқармалардың бірқатарында басшы болмай, мамандар өзім жұмыс істеуіме тура келді. Соның бірі сіздер тікелей жұмыс істейтін облыстық Қоғамдық даму басқармасы. Басқарма басшысы таяуда ғана қызметіне кірісті. Ол азаматты өздеріңіз бұрыннан жақсы білесіздер, – деп қалам ұстаған қауымға Қоғамдық даму басқармасының басшысы Бақытжан Жайлаубаевты таныстырған Зина Жұманазарқызы əңгіме арнасын аймақтық БАҚ өкілдерімен танысуға бұрды.
«Мұндай кездесуді облыс алған ашылған күннен бері күтіп жүр едік», деп бастаған журналистер əуелі өздері қызмет ететін ақпарат құралдары жайлы қысқаша мағлұмат беріп өтті. Бұдан соң əңгіме БАҚ саласындағы қордаланған мəселелерге ойысты. Мерзімдік басылымдардың басшылары мен өкілдері бүгінгі күні орын алып отырған басты мəселе – баспасөзге жазылудың тым күрделеніп кеткенін тілге тиек етті. Бұған дейін де мандымаған бұл жұмыс қазір тіптен тұйыққа тірелген. Оның бірінші һəм басты себебі электрондық ақпарат көздеріның дамуы. Түрлі сайттар мен əлеуметтік желілер дəстүрлі БАҚ-тың бағын байлап тастады. Ел газеттерге жазылғаннан сол əлеужелілердегі ақпараттарды оқи салуды дағдыға айналдырған. Ал, ол ақпараттардың қаншалықты шындыққа жанасымды екеніне ешкім назар аударып жатқан жоқ. Екінші бір себеп, газеттердің меншік иесінің өзгеруі де баспасөзге жазылуға салқынын тигізіп отыр. Бұрынғыдай мемлекеттік БАҚ емес, жеке меншік құрал ретінде қарайтындар ол газеттерге жазылу міндетті емес деп санайды. Əрине, бұл жерде, ешкім газетке жазылуды міндеттемейді. Бірақ, жергілікті жердегі ақпарат құралдарына жазылу бірінші кезекке қойылуы керек деген ұсыныстар ашық айтылды.
Екінші мəселе мемлекеттік тапсырысқа қатысты қозғалды. Бұл бағыттағы тендерге жылдың басында ойнатылып, оның қорытындысы шыққанша екі-үш ай өтіп кетеді. Осы уақытта БАҚ-тарда материалдар тегін жарияланып жатады. Тендер қорытындысы шыққаннан кейін оған жұмсалған шығын жабылмайды. Осы жағы ескерілсе деген ойлар да ортаға салынды.
Мемлекеттік тапсырысқа қатысты айтылған тағы бір мəселе қаржының оңды-солды таратылмауына қатысты болды. Жасыратыны жоқ, қазір қай басылым, қай телеарна болмасын өңірлерден тиын-тебен алып қалуға асығып тұрады. Тіпті бұл өңірге таралымы жоқ БАҚ-тар да бар олардың қатарында. Əрине, заң бойынша тендерге қатысқан соң бір лот оларға да тиесілі болып жатады. Осы мəселені тағы бір мəрте ойластырып, қаржы тек сол өңірде тіркелген, тек сол өңірге ғана тарайтын газеттер мен телеарналарға берілсе деген ойларын да ашық айтты журналистер. Өңірдің əлеуметтік-экономикалық салаларын басқарып отырған қызметкерлердің ақпарат беруде ашық болуы, жедел əрекет етуі, БАҚ-пен байланысты күшейту мəселесі де көтерілді. Сондай-ақ, өңірде баспахана мəселесі де сөз болды. Бұл бағытта Астана, Қызылорда, Тараз, Шымкент сияқты ірі қалалардағы белгілі баспаханалармен келіссөз жүргізіп, өңірде солардың бірінің филиалын ашуға жұмыс істелсе деген ұсыныс айтты газет редакторлары.
Журналистер мен БАҚ қызметкерлерін тек журналистер күнінде ғана емес, кез келген мемлекеттік мерекелер мен кəсіби мерекелерде де ынталандыруға назар аударылса. Сол саланың дамуы мен өркендеуіне, оның жетістіктері мен ұстанған бағыттарын насихаттауда журналистердің де азды-көпті үлесі бар екені ескерілсе деген ұсыныс та тасталды ортаға. Кездесуде журналистердің əлеуметтік мəселелері де айтылды. Əсіресе, үйсіз журналистерді баспанамен қамтамасыз ету жайы сөз болды.
Қалам ұстаған қауымның ұсыныс-пікірлерін зейін қоя тыңдаған облыс əкімінің орынбасары көтерілген мəселелердің бəрі назарда болатынын жеткізді. Қоғамдық даму басқармасының басшысы Бақытжан Жайлаубаевқа мемлекеттік тапсырысқа қатысты айтылған жайттарды ақылдасып шешуді, өңірдегі барлық басқармалар мен бөлімдерде ақпарат беруде ешқандай кедергі болмауды қадағалауды, баспасөз қызметінің жұмысын ширатуды, журналистер мен БАҚ қызметкерлерін ынталандыру шараларына қатысты тетіктер табуды тапсырды.
– Баспаханаға қатысты жақсы ұсыныс болды. Біз мұны облыс əкіміне, кəсіпкерлік жəне өнеркəсіп басқармасының басшыларына, осы салаға жауапты əріптестерімізге жеткіземіз. Филиал ашу жолдарын ойластырамыз, – деді Зина Ақылбекова кездесуді қорытындылай келіп.
Кездесу соңында аймақтық БАҚ өкілдері облыс əкімінің орынбасарымен естелік суретке түсіп, жылы шырайда қоштасты.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.