«Ащы термен келген тәтті жеңіс»
Ел тәуелсіздігіне қол жеткізу жолында қаншама жанның қаны төгіліп, қаншама жанның көз жасы ақты екен?.. Иә, қазіргі бейбіт әрі берекелі кезең оңайлықпен келген жоқ. Біздің ата-бабаларымыз болашақ өскелең ұрпақ үшін, ұлы басқаға құл, қызы басқаға күн болмауы, өзгенің тепкісінде жүрмеуі үшін еркін тыныстайтын заманға құштарлық танытып кетті. Сондай дәуірде ғұмыр кешіп жатқан сіздер мен біздер қандай бақыттымыз!
Еліміздің егемендігі, жұртымыздың жайлы тұрмысы үшін жан аямай күресіп, сол мақсат жолындағы кедергілерді еңсеру үшін арыстанша алысқан көптеген батырларымыздың жанқиярлық ерлігі бәрімізге аян. Сырым Датұлының ұлттық езгіге, отаршылдыққа қарсы күресін, Исатай мен Махамбеттің тәуелсіздік жолындағы ерлігін, Кенесары Қасымұлының мемлекет мүддесін қорғау жолында ұлт азаттығын басты жалау еткенін ешқашан ұмытпауымыз керек.
Сонау «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» сұрапылынан бастап, Желтоқсан оқиғасына дейінгі аралықта қаншама батыр ұландар ұлт тәуелсіздігі, яғни, бүгінгі заман үшін күреске түсті. Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай батырлардан бастап, Иса, Досан, Шотан батырлар, беріректе Бауыржан, Мәншүк, Әлия сынды жүрекжұтқандар ел қорғауды ұран етті. Сол жолда құрбан болып, ерліктері ел құрметіне бөленген бабаларымыздың есімдері тарихта алтын әріптермен қалды.
Тәуелсіздік жолында қалам мен қаруды қатар ұстаған, «елім» деп еміреніп, «жұртым» деп жүрегі соққан Абдолла Жұмағалиев, Баубек Бұлқышев және басқалары сынды ақын-жазушыларымыз болған. Олардың асқақ ой-санасы мен қаламынан майданның алғы шебіндегі жауынгерлерге рух беріп, халықтың жігерін жануға себесін боларлықтай көптеген ғажайып туындылар туған. Ал кейбірі шығармасына шындық пен әділетті арқау ете отырып, сол замандағы бар ақиқатты ақтарыла жазған. Дәл осы шындық деп шырылдаған, елі үшін құрбан болған ақын-жазушыларымыз әрдайым ел есінде болатынына мен күмәнсіз сенемін.
Бауыржан Момышұлы атамыз «Қайран сегіз» атты өлеңінде көрген қиыншылығы туралы былай деген: «Батпақ кешіп белуардан, Тоқсан бір күн ашығып, Паналап ағаш, орманды, Жүз атака тойтарып, Қаншама қиын болса да, Ар-намысқа тырысып, Аш күзендей құрысып, Ата жаумен күресіп, Жағаласып тіресіп, Табандылық көрсеткен, Кобляки деген шалшықта, Бастығымыз Чистяков, Бірнеше қиын-қиямет, Басымыздан кешіріп, Оттан тіккен қапшықтан Жеңіспен шыққан біз едік».
Міне, бүгінгі күні біз осындай батыр бабаларымыздың арқасында тәуелсіз мемлекетте бейбіт өмір сүріп жатырмыз. Тұңғыш Президент – Елбасы айтқандай, «… ендігі біздің міндетіміз – тарихымызды жан-тәнімізбен, жүрекпен сезініп, өткен тарихымызды еске ала отырып, тәуелсіздігімізді сақтап қалуға зор үлес қосу».
Өйткені, біз – тәуелсіз ұрпақпыз, тәуелсіздіктің ұрпағымыз. Тәуелсіздік жолында қазақтың талай ұлтжанды азаматтары қыршынынан қиылды. Не үшін? Біздер үшін. Сондықтан біз тәуелсіздікті лайықты бағалай білуіміз керек.
Азаттық жолындағы ерлік істер «Ащы термен келген тәтті жеңіс» атауымен ел тарихында мәңгілік сақталуы тиіс.
Балғын ҚАЛДЫБАЕВА,
10 сынып оқушысы.