Ашамай
Қазақтың бала өсіру және тәрбиелеуге қатысты ертеден келе жатқан дәстүрлерінің бірі – «Ашамайға мінгізу». Мұны «Ашамайға мінгізу» немесе «Ашамай тойы» деп те атаған.
Аталарымыз баланы кез келген атқа немесе тайға отырғыза салмаған. Оны көбіне бәсіреге берілген тайға отырғызған. Ер бала есі кіріп 4-5 жасқа келгенде оған бәсіре тай тарту етіледі. Егер тай үйретіліп, мінуге жараса, онда баланы тайға мінгізеді. Үйретілген тайға салтанатты түрде ашамай ерттеледі. Баланы ашамайға мінгізу оның өмірінде тіршіліктің жаңа кезеңі басталғанын білдіреді.
Бұл рәсімге ауыл адамдары жиналып, бала мінген аттың жал-құйрығына, баланың шапанына және бас киіміне шоқтап үкі тағады. Бұл «Үкінің қасиеті – жын-шайтаннан сақтайды» дегенді білдіреді.
Баланы атқа мінгізу құрметі шабандоз, желтақым жігіттерге жүктеледі. Атқа мінгізген соң белін айналдыра жұқа көрпешемен орап, қолтырмаш ағаштармен денесін ауыртпайтындай етіп тартып таңады. Ат үстіндегі балаға ауыл ақсақалдары бата береді.
Осындай тарихы терең, атадан балаға мұра ретінде сақталып келген жәдігер бүгінгі күні «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығында сақтаулы тұр.
Қымбат МАҒЗҰМОВА,
«Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи музей-қорығының экскурсоводы.