Қаржы бөлімінің темірқазығы Тасболат Шайхин – 60 жаста

Қай ата-ана болмасын баласының ержетіп, ат жалын тартып мінер азамат болып өскенін, кейін сол арғымағының үстінде тақымы мығым отырғанын қаламайды дейсіз. Біздің бүгінгі кейіпкеріміздің де əке-шешесі ұлының сондай жолдан өткенін қалағаны анық. Ал, ол сол сенімді ақтай алды да. Отыз жыл бойы бір мекемеде табан аудармай қызмет етіп, кейін сол мекеменің тізгінін он жылдан артық ұстап келеді. Бүгінде оны ауылдастары «Қаржы бөлімінің темірқазығы» атап кеткен.

АҚТҮБЕКТЕН БАСТАЛҒАН ЖОЛ

Сонымен, өздеріңіз бағамдап отырған шығарсыздар, əңгіме Тасболат Шайхин жайлы болмақ. Əне-міне дегенше Тəкең де қазақ «талтүс» дейтін асқаралы алпыс жасқа келіп қалыпты. Сеңгің келмейді. Сенбейтінің, түр-өңі де, іс-қимылы да əлі жас, қынулы қырықтағы қалпында дерлік. Қандай істі де сергек қалпында шалт шешіп тастайды, елдің шаруасына белсене араласып жүргені. Ал, сенетінің – бір кісінің ғұмырында атқаратын игілікті істердің қаншамасын оның осы уақытқа дейін игеріп тастағаны. Кейде ойлайсың: «Осының бəріне Тасболат қалай үлгерген?!» деп. Қалай болғанда да бір ақиқат: Тасболат Шайхин – 60 жаста!

Осы мерейтойы қарсаңында біз Тəкеңнің ел біле бермейтін, білсе де ұмыта бастаған өнегелі өмір жолдарын тағы бір шолып өткенді жөн көрдік. Өйткені, оның əр белесінде кейінгі ұрпаққа үлгі боларлықтай сəттері аз емес. Мысалы, Тасболаттың балалық шағының өзі бұралаңы көп жолдармен өтті. Жаңаарқа ауданының Ақтүбек ауылында туып, мектеп табалдырығын осы ауылдағы сегізжылдық мектепте аттаған бала Тасболат он жылдықты Жаңаарқадағы орта мектепте аяқтады. Əкесі – Зайыр ауылша малшы, шешесі – Тиышжан көмекші болды. Екеуі де шаруашылықта жүрді. Баласын орталықта отырып оқытуға мүмкіндіктері жоқ еді. Солай екен деп, ұлын қатардан да қалдырмады. Ата-анасынан бір адам қалып қойса адасып кететіндей көрінетін қазіргінің баласындай емес, ол кездегі өрендер өршіл мінезді болатын.

Тасболат орта мектепті бітіргеннен кейін бірден жоғары білім алуға ұмтылмады. Ол кездегі талап та басқаша еді. Мектеп бітірген соң түлектер бірер жыл ауылда еңбек етулері керек болатын. Тəкең де сол талапқа сай бірден еңбек майданына араласты. Еңбек жолын əуелі мал шаруашылығынан бастады. Кейін құрылыс саласына ауысты. Малшылардың үйжайы мен қора қопсысын жөндейтін бригадада тер төкті. Содан кейін барып сол кездегі Целиноград қаласына барып, қаржы техникумына оқуға түсті. Осы жерден экономист мамандығын алып шықты.

Кеңес дəуіріндегі тағы бір қатаң тəртіп, кез келген оқуды бітірген жас маман өз жүрек қалауымен емес, партияның жолдамасымен жұмыс істейтін өңірге баратын. Тасболаттың еншісіне Ұлытау түсті. Бүгінде ол осы өңірге келгеніне еш өкінбейтінін айтады. Ақтүбектен басталған жол оны еш адастырмай, азаматтық белестерге алып келді.

АЛҒАШҚЫ ТАНЫСТЫҚ

Тасболатпен алғашқы таныстығымыз 1986 жылдың желтоқсан айында басталды. Дəл осы жылдың мамыр айында ол аудандық қаржы бөліміне экономист болып келген еді. Ол кезде Ұлытаудың жастары аудан орталығындағы мəдениет үйіне жиі жиналып, түрлі кештер өткізетін. Тəкең сол кештерге жиі келетінін сырттай көретінмін.

Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы өнер институтында оқып жүрген Қайрат Бекетав осы мəдениет үйінде драма үйірмесін құрды. Соның жанынан «Көңілашар» ойын-сауық отауы ашылды. «Тамашаның» жолымен əзіл кештерін өткізіп тұратынбыз. Мен Оспанхан, Сейіт, Үмбетбай сынды сатира саңылақтарының шығармаларынан сахналық интермедиялардың сценарийін жазып, оны сахнада ойнайтынбыз. Сондай бір қойылым кезінде екі қабат, шолжаң, адуынды мінезі бар əйелдің рөлін ойнаудан қыздарымыз бас тартты. Ұялды, білем. Енді қайтпек керек. Сол кезде жұқалтаң келген, бидай өңді талдырмаш жігіт «Осы рөлді мен ойнап көрейінші» деді. Дауысы бойына қарағанда жуандау екен. «Дауысың келмейді-ау» деп едік, «Толғатқан қатын бақырғанда дауысы менің дауысымнан да жуандап кетер» деп ду күлдірді. Бұл – Тасболат еді.

Қойшы не керек, кезекті қойылым өтті. Қазіргі юмористердің тілімен айтсақ Тасболат өз рөлімен «залды жарды». Ел қыран-топан күлкіге кенелді. Сол күндерден бастап, Тасболатпен арадағы таныстығымыз достыққа ұласып кетті.

Кейін бірнеше рет сахналық қойылымдарда елді күлкіге кенелтіп жүрді. Ол кезде ауданда шопандар слеті өтіп тұратын. Ол міндетті түрде түрлі сахналық қойылымдармен өрнектелетін. Ұлытаудың тарихынан сыр шертетін, оның белгілі тұлғаларын бейнелейтін қойылымдар болатын. Соларды да Тасболат шама-шарқынша сомдай алды. Тіпті, Асанқайғыны да сомдап, өзінің үлкен рөлдерді де алып жүре алатынын көрсетті. Кейін, кеңірек таныса-білісе келе екеуміз түйедей құрдас болып шықтық. Ол қарашаның бірінде мен екісінде туыппын. Айтпақшы, осы құрдастығымызды «жуудың» өзі қызық бір оқиғаға айналды. Күздің қара суығында аудандық ауруханаға түсіп қалдым. Палатада осы Тасболат та жатыр екен. Əуелде сырқат меңдеп тұрды да, ештеңеге зауқымыз болмай, селқос жүрдік. Ем-домнан кейін қызу қайтып, жөтел басылып, «бетіміз бері қараған» шақта қараша айы да келіп қалыпты. Ауруханада жатсақ та туған күнім атаусыз қалмасын деп үйдегілерге ет пен бірер «көкмойын» алдырып, кешкісін өзімше стол жасағалы жатсам Тəкең де керуеттің бас жағындағы төмбішкелерді сүйреп жүр. «Ау, Тəке, жайма. Мен үстел жасап жатырмын ғой десем. Сен өзіңше жаса, мен өзімше жасаймын деп қарап отыр». Сөйтсем, 1 қараша Тасболаттың туған күні екен. «Кешегі кезекші дəрігер қатал кісі болған соң дастархан жая алмадым. Ыңғайы бүгін келді».

Сөйтіп екеуміз ауруханада туған күнімізді атап өттік. Атап өттік деген айтуға ғана. Əйтпесе, алдырғандарымыз жетпей қалып, екеуміз түн ортасында аурухананың киімімен «түнгі дүкенге» барамыз деп милиция бөлімінен бір-ақ шықтық. «Түнгі дүкен» деп отырғаным шөлмекті үйден сататын əйел. Ел «Поп» деп атап кеткен Паповтың үйі. Түнгі екілерде терезесін қағып, шиша сұраған бізді ұнатпаған үй иесі «02»-ге қоңырау шалып, «өткізіп жіберді». Дес бергенде кезекші жігіттер таныс еді. Мəшинамен ауруханаға апарып салып, медбибілерге бізді шығармауды тапсырды.

ІСКЕР МАМАН, БІЛІКТІ БАСШЫ

Бүгінде Тасболат өзінің Нұрғали Жарасбаев, Мұханбедия Əбілов, Сəттібек Қорғанбеков сияқты өз ісінің шынайы білгірлерімен қызметтес болып, солардың тəлімін алып, тəжірибесін үйренгенін мақтан етеді.

– Мен аудандық қаржы бөліміне қызметке келгенімде мекемені Нұрғали аға Жарасбаев басқаратын еді. Кешегі отты жылдарда қар жастанып, мұз төсеніп келген, жастық шағы оқ пен оттың ортасында өткен Нұрекең жастарға ерекше қарайтын. Білмегенін үйретіп, баулып отыратын. Менің қазір осы мекемені ұзақ жыл басқаруымның өзі сол Нұрекеңнен үйренген жұмыс істеу үлгісінің арқасы деп ойлаймын. Ол кісі бəрін байыппен шешіп, кең ойлап, ақылға салып барып шешім қабылдайтын. Қазіргідей емес, қаржы да экономика да осы бір мекеменің еншісінде еді. Аудандық жоспарлау бөлімінің өзіне сол Нұрекеңдер бағыт бағдар беріп отыратын, – дейді Тасболат сол бір сағынышқа толы жылдарын еске алып.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген қазақтың аталы сөзі тек отбасына ғана орай айтылмаса керек. Ұжымдағы тəлім мен тəрбие де азаматтың өсуі мен қалыптасуына оң ықпалын тигізері анық. Тасболат соны айтып отыр. Ең алғаш Мұзанбедия Əбілов ағасымен бірге Шеңбер ауылына іс-сапармен барып, апталап жатып тексеріс жүргізгенде қаржы саласындағы жұмыстардың қиындығын, сан қырлы қатпарын көріп үрейленген де. Бұны жазбай байқаған ағасы, «Қорықпа, кез-келген жұмыстың өз қиындығы болады. Тек ынтаң болсын. Тез-ақ меңгеріп кетесің» деп жұбатқан. Сол ағалардың талмай үйретіп, санасына сіңіруінің арқасында бірер жылда қаржы саласының қақпасын қаймықпай ашатын болды. Кейін Сəттібек Қорғанбеков ағасы да көп нəрсені үйретіп, дұрыс жол сілтеді. Қазірдің өзінде ағалары ақыл кеңесін беріп отырады.

Тоқсаныншы жылдары оңтайландыру саясаты басталып, ел іші аласапыран болып кетті. Бұл əсіресе қаржы, экономика саласына үлкен ауыртпашылықтар əкелді. Кешегі жоспарлы экономика келмеске кетті. Орнына нарықтық экономика келді. Оның өзі бұралаңы, қалтарыстары мен қатпары көп еді.

Дəл осы тұста, яғни 1996 жылы ол аудандық қаржы бөлімі басшысының тізгінін қолына алды. Қиын уақыт, жұмыссыздық белең алған, кəсіпкерлік енді қолға алына бастаған кез, өркендеп тұрған өндірісі жоқ. Ауданның негізгі саласы – ауыл шаруашылығының өзі бұлыңғыр күйде тұрған. Жеке шаруашылық қожалықтары иелерін жаңа бағдарламаларға бірден иліктіру де оңайға түскен жоқ. Өйткені көбісі қолдағы барға қанағат тұтып, басқа жақтан мал əкелудің нəтиже беретіндігіне сене қоймайтын. Осындай алмағайып тұста елдің қаржылық сауаттылығын ашу, жаңа бағдарламаларды түсіндіру, қаржыландырудың жаңа жолдарын үйрету Тасболат басқаратын қаржы бөлімі мекемесінің иығына түсті. Бірақ, өзі айтқандай Нұрекең, Мұхаң, Сəкең сияқты қаржы саласының саңылақтарынан үйренген тəжірибелер осы кезде шын көмек болды. Бəрін байыппен ойлап, ақылдаса шешіп, қайтарымы бар шешімдер қабылдады.

Əрине, үлкен ауданның шаруасы таусылмайды. Бірақ соның ішінде елге қажетті, көпке тиімді жобалар болатыны анық. Соны дөп басып, тани білу, оны қаржыландырып, қайтарымын көрудің өзі іскерлікті, біліктілікті қажет етеді. Тасболат осы үрдістерден көріне білді. Көрініп те жүр.

* * *

P.S. Ел басқаратын жігіттің еңсесі биік келеді əдетте. Сондай сирек қасиетті тағдыры бойына лайықтап берген, қашанда топ ортасынан суырылып шығып, көпті алға бастап жүретін азаматтың алпысы оның айбынына айбар қосып, ел ағасының биік дəрежесіне көтеріп тұр бүгінде. Махамбеттің «Азамат, сені сақтадым!» деп келетін арнау да осы Тасболатқа лайық секілді. «Бір күніме керек деп…» деген сенім кез келген жігітке айтыла бермес, сірə!

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ