«Қарттарымызды қамқорлай жүрейік» айлық акциясына қатысуға шақырамыз
Құрметті қазақстандықтар!
1 қазан – Халықаралық қарттар күні жақындап келеді. Бұл күн – біздің аға буынға ризашылығымызды білдіріп, шынайы көңіл бөлуімізге мүмкіндік беріп қана қоймай, олардың қажеттіліктеріне назар аударуға жақсы себеп. Қарияларды қолдау, оларға қамқорлық көрсету – аға буынға көрсеткен парызымыздың аз ғана бөлігі.
«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің бастамасымен жылдар бойы елімізде қазан айы «Қарттарымызды қамқорлай жүрейік» айлығы акциясына ұласып келеді. Қазақ халқының дəстүрінде үлкенді сыйлап, ақылын тыңдап, алдынан кесе көлденең өтпеген.
Елімізде қарт адамдарға қамқорлық жыл сайын артуда. Мемлекетіміз қарт адамдарға қамқорлықты экономикалық дағдарыс кезінде де тоқтатқан емес. Дегенмен, елімізде əлі де болса əлеуметтік көмекке мұқтаж егде адамдар бар.
Əлемді жайлаған экономикалық қиындықтар біздің елімізді де айналып өткен жоқ. Бүкіл əлем күрделі əрі маңызды кезеңді бастан өткізуде. Кейбір қариялар жасы ұлғайған шағында жылулық пен мейірімге зəру.
Барлық қазақстандықтарды, жұмыс берушілерді, бизнес құрылым өкілдерін, аға буынның ел игілігіне қосқан еселі еңбегін ұлықтауға, «Қарттарымызды қамқорлай жүрейік» айлық акциясына атсалысуға шақырамыз.
Өз елінің патриоты ретінде акцияға бей-жай қарамайтын азаматтар жергілікті əкімдіктермен, өңірлік ардагерлер кеңестерімен байланысқа шығып, үлестеріңізді қосыңыздар.
«Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі.