Қарттарға құрмет көрсетілді
«Үлкенге құрмет, кішіге ізет» дейді дана қазақ. Осы тəмсілді ұстанған бүгінгі ұрпақ əркез қазына қарттарымызға құрмет көрсетіп, төрден орын ұсынып келеді. Ал бұл ілтипат 1 қазан күні тіптен еселене түседі. Өйткені, бұл күн – Халықаралық қарттар күні.
Осы атаулы күнге орай, аудандық мəдениет үйінде «Халық тəрбиесі асыл қазыналы қарттарым» атты ауқымды іс-шара өтті. Айшықты шарада алдымен ардагерлер арасында дойбы, шахмат ойындарынан спорттық жарыс ұйымдастырылды.
Осы мазмұнды шарада аудан əкімі Аманжол Мырзабеков қазыналы қарттарымызды мерекелерімен құттықтап, дендеріне саулық тіледі.
– Біз қашанда «Үлкенге – құрмет, кішіден – ізет» деген аталы сөзді ұрпағының бойына сіңіріп өсірген, қариясын қадірлеп, ардагерін ардақтаған текті елдің ұрпағымыз. Қарттарға үнемі ықылас білдіру, қуаныш сыйлауға талпыну – халқымыздың дəстүріне терең орнығып, салт-санасына сіңген қасиет. Қариясы бар ел – қазыналы ел. Кейінгі буын Сіздерге қарап жетіліп, өздеріңіз салған жарқын жолды жаңа заман талабына сай жалғастыра беретін болады, – деді аудан басшысы өз сөзінде.
Бұдан кейін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Əлімбек Жандарбеков Республикалық Қоғамдық Бірлестігінің «Құрмет белгісімен», Ұлытау облысы ауылшаруашылығы тауарларын өндірушілер кəсіподағы филиалының төрағасы Шаяхмет Үмбетов Қазақстан Республикасы «Ауыл шаруашылығы ардагерлер Кеңесі» Қоғамдық бірлестігінің «Құрметті ардагер» төсбелгісімен ауданымыздың бірнеше еңбек ардагерлерін марапаттады.
Аталған іс-шараға аудан бойынша барлық кент, ауылдық округтерден ардагерлер делегациясы қатысты. Іс-шара барысында мереке иелеріне арналып дастархан жайылып, дəм беріліп, жергілікті өнерпаздардың дайындаған концерттік бағдарламасы ұсынылды.
Аманкелді АҚШАЛ.