Қарт сайлаушылар ықыласы ерекше

Аудан әкімінің сайлауы Борсеңгір ауылында да тәп-тәуір өтіп жатыр. Біз хабарласқан №703 Борсеңгір сайлау учаскесінде науқан қарқынды жүруде.

– Биылғы сайлаудың маңыздылығы ерекше. Ауданымызда тұңғыш рет пилоттық жобада аудан әкімінің сайлауы өтіп жатыр. Мұны ауыл тұрғындары да жақсы түсінеді. Сондықтан да болар түске дейін тізімдегі сайлаушылардың жартысына жуығы дауыс берді.
Бүгін күн жексенбі. Тұрғындардың қанаттас жатқан қос қалаға құдайы-тойға кеткендері бар. Түс ауа ауылға оралып, сайлау учаскесіне келеді деп отырмыз, -дейді Жасұлан Мұқашев бізбен әңгімесінде.
Учаске төрағасының айтуынша, алғашқы болып ауыл ақсақалы Тыныбек Нысанбай келіп дауыс беріпті. Дауыс бергендердің қатарында сондай-ақ, мамыр айында 18 жасқа толған Тұралы Данияр деген азамат та бар екен.
Орайы келгенде айта кетейік, аталмыш сайлау учаскесі өз жұмысын таңғы сағат 7.00-де бастапты. Әнұран айтылған соң ауыл әкімі Бауыржан Әлімбек дауыс беруге жиналған жұртшылықты құттықтап, сөз сөйлеген.