«АрселорМиттал Теміртау» қызметкерлері жұмыс орнында вакцинацияланады

Теміртауда халықты жаппай вакцинациялау сәуір айында басталды және  оған емханалардағы тіркеу бөлімдері, сондай-ақ eGov порталы арқылы жазылуға болады. COVID-19-ға қарсы вакцинациялау процесі одан да ыңғайлы болуы үшін «АрселорМиттал Теміртау» металлургия комбинатының қызметкерлері кәсіпорында екпе алады.

Ол үшін комбинаттың Денсаулық бекеттеріне №1 емханадан бригада келеді.

Кеше, 15 сәуірде автокөлік басқармасының денсаулық сақтау пунктінде комбинат қызметкерлеріне вакцинация жүргізілді. Вакцинаны алғашқылардың бірі болып «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының бас директоры Биджу Наир алды, сондай-ақ оның жұбайына екпе жасалды.

— Қазір барлық адамдар коронавирустың таралуын бақылауда ұстауы үшін күш біріктірудің уақыты келді, ал вакцинация — бұл маңызды қадам. Мен әріптестеріммен бірге осы науқанға қосылдым, — деді Биджу Наир вакцинация процедурасынан кейін.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ баспасөз қызметінің ақпараты бойынша