Қарсақбайда – қарымды қарекеттер

Қарсақбай кенті әкімінің тұрғындарға есеп беру кездесуіне қатысу үшін қарашаңыраққа атбасын тіреген аудан әкімінің орынбасары Нұржан ОРЫНБАЕВ алғашқы кезекте жаңадан салынып жатқан спорт-сауықтыру кешеніндегі жұмыс барысымен танысты. Бұдан кейін кент әкімі Аян ӘБЖАМАЛОВ Мәдениет үйінде халық алдында есеп берді.

Кент әкімі бір жылда атқарған жұмысы жайлы әңгімені қысқа-нұсқа қайырды. Оның айтуынша, жүргізілген жұмыстар жетіп артылады. «Жұмыспен қамтудың жол картасы -2020» бағдарлама аясында бірнеше жылдар бойы жөндеу көрмеген саябақ абаттандырылған. Орындықтар қойылып, шамдар орнатылған, жаяу жүргіншілер жолы төселіп, ағаш көшеттері отырғызылған. Осылайша, түбірінен жаңғырған саябақ аудан әкімінің қатысуымен салтанатты түрде ашылған.

Аудан әкімінің қайтарымсыз гранты нәтижесінде кентте кондитер цехы ашылыпты. Көше шамдары жаңартылып, ауызсу беру бір жүйеге келтірілген. Мәдениет үйінің жылу қазандығы жаңартылған. Жаңа спорт-сауықтыру кешені бой көтеруде. Бүгінгі күні бұл нысандағы біршама жұмыстар аяқталып тұр, биылғы жылы пайдалануға берілмекші.

Кент әкімінің үстіміздегі жылы атқаратын жұмыстары да ауқымды. Мәселен, Деев атындағы көшенің жолын жөндеу, кент орталығынан теміржол станциясына дейінгі жолды қалпына келтіру, үйлерге интернет желісін тарту, «Қатысу бюджеті» арқылы жаңа балалар ойын алаңын салу, Жамбыл Жабаев атындағы №15 орта мектептің еденін жаңарту, ауызсу мәселесін шешу сынды жұмыстар биылғы жылдың еншісінде тұр.

Кездесуде еңбек ардагері Тоңболат Мұқанов кент әкімінің қызметіне ризашылығын білдірді.

Жиынды түйіндеген Нұржан Серікұлы елдің бірлігі жетістік негізі екенін атап өтіп, жергілікті басшыға бірқатар мәселелерге қатысты тапсырмалар берді. Кент тұрғыны Құланқадыр Еділбаевқа республикалық «Еңбек жолы – 2020» конкурсын ұйымдастырушылардың Алғыс хатын тапсырды.

Жасұлан АЯШЕВ

ҚАРСАҚБАЙ кенті.