Жеңіс Қасымбек су тасқынына дайындық шараларын ширатуды тапсырды

Қарағанды облысында су тасқыны қаупі бар ауылдарды аралау басталды. Мамандар өзендердің жоғарғы ағысындағы топырақтың қату тереңдігін өлшейді. Қауіпті учаскелерді космомониторинг көмегімен анықтайтын болады.

Су тасқынына дайындық туралы ТЖ жөніндегі өңірлік комиссия отырысында айтылды.

— Облыста республикалық Жол картасы аясында су тасқыны қаупінің алдын алу және жою бойынша шаралар кешені жүзеге асырылуда. Инженерлік жұмыстардың облыстық жоспары бар. Үш жыл ішінде қорғаныс дуалдарын салу, су өткізу құбырларын орнату, Соқыр және Тоқырауын өзендерінің арналарын санациялау бойынша 69 іс-шара іске асырылды. Биыл Шерубай-Нұра өзенін қалпына келтіру жұмыстары жалғасады. 2021-2023 жылдарға арналған Жол картасына 23 іс-шара енгізілді, — деді ТЖД бастығы Мұрат Қатпанов.

Ол өткен жылғы жұмыс туралы есеп берді. 33 ауыл мен кентте қорғаныс бөгеттері мен үйінділері тұрғызылып, нығайтылды. 9,1 шақырым су бұру арналары салынды және жөнделді. Гидроқұрылыстарды жөндеуге 970 млн теңгеден астам қаржы жұмсалды.

Ведомство басшысы қаңтар айында ТЖД және Қазгидромет қызметкерлері Нұра және Шерубай-Нұра өзендерінің жоғарғы ағысындағы қар өлшеу маршруттары бойынша алғашқы бақылау жасап өткенін хабарлады. Оның айтуынша, көктемгі су тасқыны бойынша болжамдар жасауға әлі ерте, жағдай наурыз айының басында айқын болады.

Тасқын сулардан қорғау бойынша облыстық жоспар әзірленді. ТЖД қар жамылғысының космомониторингі және облыс өзендерінде жарылыс жұмыстарын жүргізу қызметтеріне шарттар жасады. 1 наурыздан бастап жол қызметтері су құбырлары мен көпірлерді тазартуға кірісуі керек.

Ірі су қоймаларынан ағызу кестесі мен көлемі қол режимінде реттелетіні мәлімделді.

Комиссия отырысында сондай-ақ хабарландыру жүйелерін жаңғырту жоспары талқыланды.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек бірқатар тапсырма берді.

— Қалалар мен аудандардың әкімдері, қарды жедел шығару қажет-қаражаттарды қарастырып, кәсіпорындарды тартып, осы жұмысты жандандырыңыздар. Су шаруашылығы құрылыстарын ерекше бақылауда ұстау керек. Су қоймаларын дайындауға, суды ағызудың уақытылы режимін ұйымдастыруға ерекше назар аударыңыздар, — деп атап өтті аймақ басшысы.

Фото: Дмитрий Кузмичев