Ардақты тыл ардагерлері! Құрметті ұлытаулықтар!

Сіздерді бүкіл адамзат қауымына аса қымбат мереке 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймыз!

Ұлы Жеңіс күні – аға ұрпақтың ерлігін мәңгілік ел есінде сақтауға арналған ең қастерлі мереке. Баршамыз үшін бұл күннің орны бөлек.

Бұл – бүкіл ардагерлеріміз бен тыл еңбеккерлерінің қажымас қайраты, қайсар рухының жеңісі. Міне, биыл Ұлы Жеңістің 77-ші көктемі. Ардақты аталарымыздың сол кезеңдегі батылдығы мен батырлығы қас дұшпанның мысын басып, болашақ ұрпақтың тәуелсіз елде өмір сүруіне жол ашты.

Ұлытау ауданында ардагерлердің есімдері мен ерліктерін ел жадында қалдыру мақсатында көптеген істер атқарылуда. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдық мерейтойына орай, Отан соғысында ерлік пен батылдық көрсеткен батырларымыздың есімдері жазылған мемориалдық тақта ашылды. Ел басына күн туған сұрапыл жылдары Отан үшін отқа түсіп, кеуделерін оққа тосқан жерлестеріміздің есімдері мен ерліктері ешқашан ұмытылмайды. Біз оларды әрдайым ардақтап, мақтан етеміз. Ұлытау ауданында көзі тірі ҰОС ардагері қалмаса да, бабалар ерлігі халық жадында жаңғырып, бірге өмір сүріп келеді.

Құрметті тыл ардагерлері! Сіздерге де мың алғыс. Сіздер ерен еңбектің үлгісін көрсеттіңіздер. Сіздер соғыстан кейінгі экономиканы қалыпқа келтіріп, көрікті қалалар мен ауылдар салдыңыздар.

Құрметті жерлестер! Осынау Ұлы Жеңіс күні Сіздерге зор денсаулық, балаларыңыз бен немерелеріңізге жарқын болашақ, еліміз бен жерімізге бейбіт өмір тілейміз. Ұлы Жеңіс күні құтты болсын!

Советбек МЕДЕБАЕВ,

Ұлытау ауданының әкімі.

Аманжол МЫРЗАБЕКОВ,

 аудандық мәслихаттың хатшысы.