Қараусыз мал – айыппұл салу көзі

Мал бағу жайын ретке келтіру жөнінде көп айтылып келеді. Алайда, мәселе бір жүйеге келмей қойды. Соның салдарынан мал ұрлығы, жол-көлік оқиғалары жиі тіркеледі. Биыл меншікті малын бағусыз жібергені үшін жазаға тарту талабы қарастырылған заң қабылданып, қолданысқа енгізілді. Тиісінше, Қарағанды облыстық мәслихатының шешімімен арнайы Ереже бекітілді. Біз соған орай, аудандық полиция бөлімінің басшысы, полковник Еркебұлан БАЙЗАҚОВТЫҢ пікірін білген едік.

– Жол бойында қараусыз жүрген малдардың кесірінен оқыс оқиғаларды болдырмау мақсатында облыстық мәслихаттың шешімімен жануарларды жаю жөнінде Ереже бекітілді. Оның басты мақсаты – жол-көлік оқиғалары санын азайту, мал ұрлығына жол бермеу. Биыл аудан бойынша жеті мал ұрлығы оқиғасы тіркелген. Мұның барлығы малдың еркін, қараусыз жайылуынан болып отыр. Жәбірленушілер полиция бөліміне дер кезінде хабарламайды. Сондықтан, аудан тұрғындарын аталған Ереже талаптарын қатаң сақтауға шақырамын,– деді Еркебұлан Нұрбалаұлы. – Бүгінгі күні малды жайылымға жіберіп, қараусыз қалдыратынымыз – бұлтартпас ақиқат. Енді төрт түлік малды өріске шығарғанда әркімнің өз малына ие болуы, яғни, бағуы немесе бақташы жалдауы – заңнамалық тұрғыда бекітілген міндет. Бұл талап сақталмаған жағдайда айыппұл салу көзделген. Меншікті мал – әркімнің өз игілігі, демек, оған жауапкершілік жүгі мал иесінің иығында болуы тиіс.

Жасұлан АЯШЕВ