АРАЛ АХУАЛЫ АЛАҢДАТАДЫ
Түркістан қаласында жасылдар партияларының «ARAL – 2024» халықаралық І саммиті өтті.
Саммитке Қазақстан, Моңғолия, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттеріндегі жасыл партиялардың жетекшілері мен табиғат жанашырлары бас қосты. Олар апатқа ұшыраған Арал аумағын оңалту, трансшекаралық өзендердің су қорын тиімді пайдалану, су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану, климаттық өзгерістерге төтеп беру тақырыптарын талқылап, экологиялық мәселелерді бірлесе шешудің жолдарын саралады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Арал теңізін қорғау мақсатында қабылдаған шешімдері мен экологиялық мәдениетті қалыптыруда серпін беретін «Таза Қазақстан» бастамасының маңызын ерекше атап өтті.
Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев су қауіпсіздігі Орталық Азиядағы ең өзекті мәселе екенін айтты.
«БҰҰ деректері бойынша, 2050 жылға қарай Орталық Азия халқының саны 90 миллион адамға жеткен кезде су тапшылығы 25-30 пайызға дейін болуы мүмкін. Сонымен қатар, егіншілікке пайдаланылатын су ресурстарына қажеттілік 2030 жылға дейін 30 пайызға артуы ықтимал. Бұл экономикалық көрсеткіштер мен азаматтардың табыс деңгейіне де кері әсерін тигізеді. Су тапшылығы мәселесі аймақта қақтығыстар мен тұрақсыздық қаупін, әсіресе, сыртқы күштердің араласу қаупін туындатады. Қазіргі уақытта Орталық Азия елдері арасында су және климаттың өзгеруі мәселелері бойынша бірлескен ынтымақтастықты және өңірлік интеграцияны белсендіру қажеттілігі туындап отыр. Аймақ елдері серіктестік пен тату көршілік жолын ұстануы тиіс», – деді партия төрағасы.
Азаматхан Әміртаев «Байтақ» партиясының Қазақстан гидросферасын сақтауға қосқан үлесіне тоқталды. Партия су ресурстарын ұтымды пайдалану бойынша семинарлар мен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Өңірлерді көгалдандыру жобаларын жүзеге асырып жатыр. Ағынды және ластанған суларды тазарту мен қайта пайдалану бойынша жаңа технологияларды енгізуде. Ең бастысы, Арал теңізін қорғау бағытында нақты ұсыныстар мен қадамдар жасауда.
Сонымен қатар, саммитте Қырғызстан Жасылдар партиясының төрағасы Еркін Бөлекбаев, Ресейдің экологиялық «Жасылдар» партиясының тең төрайымы Александра Кудзагова, Моңғолияның «Азаматтық ерік» Жасыл партиясы төрағасының орынбасары Тогоочийн Бат-Эрдэнэ, Өзбекстан экологиялық партиясының өкілі Комилжон Жураев тұшымды ой-тұжырымдарын жеткізді.
Саммит барысында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және Моңғолия жасыл партиялары арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Атап айтқанда, тараптар табиғатты қорғау шараларын өткізу, халық арасында экологиялық білім мен үгіт-насихатты бірлесіп кеңейту, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды пайдалану саласындағы тәжірибе мен білім алмасу жөнінде келісімге келді. Сондай-ақ жасыл партиялардың жетекшілері айтулы саммитті тұрақты негізде өткізуге уағдаласты.
Іс-шара соңында «Байтақ» партиясының 2 жылдығының құрметіне орай, саяси ұйымның дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азамат І, ІІ және ІІІ дәрежелі BAYTAQ медальдарымен, партияның мерейтойлық медалімен, Құрмет грамотасымен және Алғыс хатпен марапатталды.
Базаркүл ҮМБЕТОВА,
«Байтақ» жасылдар партиясы
Ұлытау облыстық филиалының төрағасы,
облыстық мәслихат депутаты.