Қаракеңгірліктер – бедел биігінде
Күні кеше Түркістан қаласында өткен мəдениет жəне өнер қызметкерлерінің мерекесі аясында Қаракеңгір клуб үйінің ұжымы үздіктер қатарынан көрінді. Сала саңлақтары «Үздік ауылдық мəдениет үйі» номинациясын жеңіп алып, 1 млн. теңгенің сертификатына ие болды. Қаракеңгірліктер бұл жетістікке ҚР Мəдениет жəне спорт министрлігі ұйымдастырған «Рухани қазына-2022» республикалық фестивалінде қол жеткізді.
Ауыл өнерпаздарының биіктен көрінуі бұл ғана емес. Көмейіне əн ұялаған, бойына өнері дарыған бұл ұжым бұған дейін де облыс аумағында өткен өнер байқауында «Үздік ауылдық клуб үйі» аталымын жеңіп алған.
Қарқаралыда өткен қазақ өнерінің қарлығашы Шолпан Жандарбекованың 100 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған халық театрлары арасындағы облыстық байқауда да бірінші орын алды. Олардың бүгінгі жеңісі Қаракеңгір ауылының өнер қонған орта екенін тағы бір мəрте айшықтағандай. Былай айтқанда, республикалық бəсекеде қаракеңгірлік өнерпаздар алғы сапта тұр деген сөз. Жоғарғыда аталған жетістігі бір ғана ауылдың ғана емес, ұлт ұясы – Ұлытау өнерінің алға озғаны.
Ендеше, ауданымыздың мерейін асқақтатқан қаракеңгірліктердің жүлдесі құтты болсын!
Қайрат ЖҰМАБАЙ