Қарағандылық журналист Қасым Аманжолов туралы фильмге түсті
Белгілі қазақ ақыны Қасым Аманжоловтың туғанына 110 жыл толуына орай деректі-публицистикалық фильм түсірілді. Фильмдегі рөлдердің бірін «Сарыарқа» телеарнасының тілшісі Ерік Нарын сомдады. Ол түсірілімге жас ақын бейнесінде қатысты.
Ерік Нарын Қасым Аманжолов сияқты Қарқаралы ауданында дүниеге келген. Жастайынан поэзияға құмарлық танытып, өзі де өлең жазады. Сондықтан ақынның рөлі оған өте жақын болды, оны үлкен ынтамен ойнағанын айтады.
Фильм «Абай-ТВ» телеарнасының тапсырысы бойынша түсірілді. Картинаның режиссері – Әділ Нұртай. 45 минуттық дүние дарынды ақынның күрделі өмірі туралы сыр шертеді. Оның бала күндері, жастық шағы және басынан өткерген қиындықтары туралы егжей-тегжейлі баяндалады.
Фильмнің толық нұсқасын «Абай-ТВ» YouTube-арнасындағы «Дәуір даналары» хабарлар циклінен көруге болады.