Қарағандылықтарға құтқару дағдыларын үйрету көзделуде

Қарағанды облысының аумағында 30 өрт сөндіру бекеті жұмыс істейді. 500-ден астам ерікті өртке қарсы бірлестіктер құрылды. Судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін алты құтқару бөлімшесі жұмыс істейді. Сондай-ақ осы секілді жасақтарға жұмыспен қамту орталықтарында есепте тұрған адамдар тартылады. Олар арнайы оқудан өтіп, қоғамдық құтқарушылар ретінде әрекет ететін болады.

Жылыту кезеңінің аяқталу қорытындысы, табиғи өрттермен ағымдағы жағдай және судағы жазатайым оқиғаларды болдырмау туралы Төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия отырысында сөз болды.

Қарағандылықтардың тұрғын үйлерінде өрттердің алдын алу үшін өртке қарсы датчиктерді орнату жалғасуда. Биыл облыс бойынша осындай 900-ге жуық хабарлағыш орнатылды.

Қарағанды облысы ТЖ департаментінің бастығы Мұрат Қатпановтың айтуынша, алдын алу жұмыстарына қарамастан, жылыту кезеңінде тұрғын үй секторында 593 өрт тіркелді.

– Улы газбен уланудың негізгі себебі — ақаулы пеш жабдықтарын пайдалану. Жеке пештермен жылытылатын көп қабатты тұрғын үйлер ерекше алаңдаушылық тудырады, – деді Мұрат Қатпанов.

Көп қабатты үйлерді орталық жылумен жабдықтауға қосу немесе олардың жанында автономды қазандықтарды салу жөніндегі жұмыс облыс әкімінің ерекше бақылауында.

Облыста табиғи өрттермен күресу үшін іс-шаралар жоспары бекітілді. Қазірдің өзінде алты орман өрті және 33 дала өрті тіркелді. Олардың барлығы дер кезінде жойылды.

– Елді мекендерге іргелес массивтердегі өрттер алаңдаушылық тудырады. Өрт зираттар мен бау-бақша учаскелерінде тіркелді. Біз Доскей ауылы маңындағы қоқыс полигонындағы өртті жойдық, – деп атап өтті ведомство басшысы.

Дала өрттеріне ден қою үшін облыста 505 ерікті өртке қарсы құралымдар жұмыс істейді. 2020 жылы 22 мобильді өрт сөндіру кешені сатып алынды. Биыл тағы да осындай тоғыз кешен сатып алынды. ТЖ департаменті 17 бірлік қосымша техника сатып алуды жоспарлап отыр.

Өңірде қоғамдық бірлестіктер нысанындағы өртке қарсы ерікті құралымдарды тіркеу жалғасуда. Халыққа үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде.

Орман өрттерін ерте анықтау мақсатында ғарыштық мониторинг деректері пайдаланылады.

Жазғы маусымда құтқарушылардың тағы бір маңызды бағыты — су нысандары. Судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін алты құтқару бөлімшесі құрылды. Бұған 100-ден астам адам кіреді. Құтқарушылардың қарамағында 23 техника және 43 жүзу құралдары бар. Сондай-ақ демалыс аймақтары мен жағажайлардың иелерімен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі, балалардың суда өздерін ұстау ережелерін сақтау тақырыбында ата-аналар жиналыстары өткізіледі.

– Өртке қарсы іс-шараларға, жазғы кезеңде балалардың демалуына және су нысандарында қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты мәселелерді ерекше бақылауға алуды сұраймын, – деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек отырыс соңында.