Қарағандылықтарға қалалық ортаны жақсарту үшін сауалнама толтыру ұсынылады

Қазақстандық урбанистика қауымдастығы Қарағандының урбанистика орталығымен бірлесіп қала проблемаларына жұртшылықты тарту туралы шешім қабылдады. Ол үшін «Белсенді қала тұрғынының сауалнамасы» жобасы іске қосылды. Оның негізгі мақсаты — белсенді тұрғындардың нақты ұсыныстары арқылы қалалық инфрақұрылымды жақсарту.

Осындай сауалнама Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтан және Орал қалаларында өтіп жатыр. Қызықты және пайдалы ұсыныстар рәсімделіп, қалалық әкімдікке тапсырылады.

«Қала тұрғынының сауалнамасы тұрғындардың туған қаласының жағдайына қаншалықты қанағаттанатынын және адамдар оң өзгерістер үшін не істеуге дайын екенін анықтауға мүмкіндік береді. Біз сіздерден жұмыс аптасы кезінде қаланы қалай сезінетініңізді, демалыс күндері қандай болатынын, қалалық оқиғалар сіз үшін маңызды ма және өз қалаңыздың өміріне қалай қатысатындығыңызды бөлісуді сұраймыз», — делінген ұйымдастырушылардың хабарламасында.

Зерттеу нәтижесінде алынған барлық ақпарат құпия болып қалады. Нәтижелері қорытылған түрде БАҚ-та жарияланып, қатысушыларға жіберілетін болады.

Сауалнамадан өтіп, өз ұсыныстарыңызды мына сілтеме бойынша қалдыра аласыздар: http://qazurban.kz/news/12.