Қарағандылық спортшылар Қазан қаласында өткен хайлайтта бірінші болды
Қарағандының синхроншылары әртістік жүзуден әлемдік серияның үшінші кезеңі өткен Қазанда үздік нәтижелер көрсетті. Жарысқа 12 елдің спортшылары қатысты.
Техникалық бағдарламада Каролина Иванова мен Виктор Друзиннің аралас дуэті үшінші орынға ие болды. Екатерина Симонова, Елена Крылова, Наргиз Болатова, Ксения Макарова, Этери Какутиа және Арина Мясниковадан құралған әйелдер командасы қола жүлде жеңіп алды. Ал «хайлайт» жаңа дисциплинасында қыздар сол құраммен алтын жеңіп алды.
Барлық спортшылар «Облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған жүзу спорт мектебі» КМҚК-ның тәрбиеленушілері, Виктор Друзин – Ә. Молдағұлова атындағы ОМОРМИК оқушысы.
Айта кету керек, «хайлайт» жаңа дисциплинасы 2017 жылы FINA техникалық конгресінің шешімі бойынша әлем чемпионаттарында синхронды жүзуден жарыстар бағдарламасына енгізілген. Шын мәнінде, бұл су акробатикасы. Алғаш рет хайлайтерлер 1984 жылы көрсетілді, ал Еуропа Кубогы жарыстарына 2012 жылдан бастап қосылды.
Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының ақпараты бойынша