Қарағандылық кәсіпорындар «Алтын сапа», «Ұлы Дала Елі» шатырлы брендінің сыйлығына ие болды
Нұр-Сұлтанда ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығының лауреаттарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Республикалық байқаулардың жеңімпаздары Қарағанды облысының екі кәсіпорны — «Нәтиже» Сүт фабрикасы және темір концентратын өндіретін Балқаш Іron Concentrate Company зауыты болды.
«Нәтиже сүт фабрикасы» ЖШС азық-түлік тауарларын және/немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын кәсіпорындар арасында үздік деп танылды. Кәсіпорын «Алтын сапа» сыйлығына ие болды.
«Нәтиже» компаниясының жұмысы 1999 жылы шағын фирмадан басталды. Уақыт өте келе, дұрыс стратегияны таңдап, ол ірі табысты кәсіпорынға айналды. Бүгінде сүт фабрикасы өз өнімдерімен еліміздің барлық облысын және басқа да өңірлерін қамтамасыз етіп отыр.
«Iron Concentrate Company» ЖШС Балқаш байыту фабрикасының флотациясының үйінді қалдықтарынан темір концентратын шығарады. Кәсіпорынға «Ұлы Дала Елі» шатырлы брендімен аталу құқығы берілді. Бұл отандық өндірушіге өз өнімін халықаралық нарыққа шығаруға мүмкіндік береді.
«Алтын сапа» сыйлығын алуға арналған байқау Қазақстанда 2006 жылдан бері өткізіліп келеді. Оған республиканың 2 200-ден астам кәсіпорны қатысты.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.