Қарағандыдан Жезқазғанға енді жаңа авиакомпания ұшақтары ұшады
Қарағанды — Жезқазған облысішілік авиабағытына енді Qazaq Air қазақстандық авиакомпаниясы қызмет көрсетеді, ол Қарағанды облысының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өтінімі бойынша Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өткізетін конкурста жеңіске жетті.
Әуе тасымалы нарығында ол 2015 жылдан бері жұмыс істейді.
Ұшулар Канадада шығарылған Bombardier Q400 жаңа заманауи ұшағында орындалады. Әуе лайнеріне 76 жолаушы сияды. Сонымен қатар, ұшу уақыты 20 минутқа қысқарады.
Әуе кемесі жоғары сенімділік, пайдалану шығындары төмен, жайлы және жарықтандырылған салон, сондай-ақ шу деңгейінің төмендігі секілді артықшылықтармен ерекшеленеді.
Ұшу мерзімділігі мен тарифке қатысты қолайлы шарттар жасалған. Осыған дейін аталмыш бағыт бойынша тасымалдау аптасына үш рет орындалатын. Енді ұшу жиілігі аптасына төртке дейін көбейді (сейсенбі, сәрсенбі, жұма, жексенбі). Тариф 10 мың теңгеге дейін төмендетілді.
Естеріңізге сала кетейік, бұрын Қарағанды — Жезқазған авиамаршруты бойынша жолаушыларды тасымалдау сыйымдылығы 30 адамға дейінгі «Як-40» әуе кемесінде жүзеге асырылған болатын.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.