Қарағандыда жылу оқшаулағыш желілер мәселесін шешу қолға алынады
Қарағанды облысында осы жылы Саран мен Шаханда орталық қазандықтар салынуы тиіс. Облыс орталығында желілердің жылу оқшаулау мәселесі шешілетін болады.
Өңір басшысы Жеңіс Қасымбек жылыту маусымының өтуіне бақылауды күшейтуді тапсырды және болашаққа міндеттер қойды.
— Жылыту маусымын өткізу мәселелері ерекше бақылауда. Бір аптадан астам уақыт аяз болды. Біздің кемшіліктеріміз, қандай қиыншылықтар бары анықталды. Қорытынды жасап, бар проблемаларды шешуіміз керек, — деді облыс әкімі онлайн режимде өткен аппараттық кеңесте.
Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Ұлантай Үсеновтың ақпараты бойынша, қазіргі уақытта облыстың барлық сегіз станциясы штаттық режимде жұмыс істейді, жылу желілерінде апаттар тіркелген жоқ.
Жеңіс Қасымбек Қарағандыдағы «жалаңаш» жылу желілерінің өткір мәселесін шешу қажеттілігі туралы айтты. Ол биыл жұмысты жүргізу үшін қалалық бюджеттен жылу оқшаулау бойынша қаражат бөлуді тапсырды.
Өңір басшысы Саран қаласындағы орталық қазандықтың құрылысын аяқтауға қажетті қаражат бөлінгенін атап өтті.
— Тездетулеріңізді сұраймын. Біз келесі қысқа жаңа қазандықпен кіруіміз керек. Сондай-ақ, Шаханда қазандық құрылысын аяқтау керек, — деді Жеңіс Қасымбек.