Қарағандыдағы жастар ипотекасына БАҚ өкілдері де қатыса алады

Қарағандылық БАҚ өкілдеріне арналған жағымды жаңалық. Бүгіннен бастау алған жас мамандарға арналған жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаға жергілікті БАҚ қызметкерлері қатыса алады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифинг барысында айтылды.

Айта кетейік, жеңілдікпен несие берудің жаңа бағдарламасы Қарағанды облысының жас мамандарын қолдауға бағытталған. Бұл 35 жасқа дейінгі жастардың тұрғын үй мәселелерін шешуге бағытталған облыстағы алғашқы бағдарлама.

Өтінімдер 2022 жылғы 24 маусым күні сағат 18.00-ге дейін Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, 39а, «Open Qarağandy» фронт-офисінде қабылданады.

Жалпы, бағдарламаға мына салалардың қызметкерлері қатыса алады:

Денсаулық сақтау – техникалық және әкімшілік персоналды қоспағанда, Қарағанды қаласында орналасқан денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік қалалық және республикалық ұйымдардың қызметкерлері;

Білім беру – техникалық және әкімшілік персоналды қоспағанда, Қарағанды қаласында орналасқан білім беру саласындағы мемлекеттік ұйымдардың (оның ішінде 100% мемлекеттің қатысуымен АҚ және КЕАҚ) тиісті жоғары және орта білімі бар педагог қызметкерлер;

Мәдениет – техникалық және әкімшілік персоналды қоспағанда, Қарағанды қаласында тіркелген мемлекеттік мәдени ұйымдардың бейінді қызметкерлері;

Спорт – техникалық және әкімшілік персоналды қоспағанда, Қарағанды қаласында тіркелген мемлекеттік ұйымдарда еңбек қызметін жүзеге асыратын спортшылар мен жаттықтырушы-оқытушылар;

БАҚ – атап айтқанда: мемлекеттік қызметшілерді қоспағанда, Қарағанды қаласында орналасқан және/немесе қызметін жүзеге асыратын, БАҚ-та есепке қою туралы куәлігі бар ұйымдардың/мекемелердің штаттық жұмыскерлері;

ЖОО – техникалық және әкімшілік персоналды қоспағанда, Қарағанды қаласында тіркелген ЖОО оқытушылары мен ғылыми қызметкерлер;

Әлеуметтік сала – техникалық және әкімшілік персоналды қоспағанда, Қарағанды қаласында тіркелген Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік ұйымдарда (оның ішінде 100% мемлекеттің қатысуымен ЖШС, АҚ және КЕАҚ) жұмыс істейтін бейінді қызметкерлер.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын хабарлағанымыздай, бүгін Қарағандыда жас мамандарға арналған жеңілдікпен ипотека беру бағдарламасы басталды.