Қарағандыда «Тәуелсіздік лентасы» жобасы таныстырылды

Қарағандыда «Тәуелсіздік лентасы» таныстырылды. Бұл ұлттық құндылықтарды ілгерілетуге бағытталған кітаптар сериясының 21-ші жобасы. Ол «Қазақ халқының мұрасы — Мәңгілік ел» кітаптар топтамасы аясында жүзеге асырылып, Тәуелсіздік күніне орайластырылған.

Лентада Қазақ тарихының көрнекті тұлғалары, мемлекет және қоғам қайраткерлері  Мөде қаған, Қазақ хандығының негізін қалаушылар Керей мен Жәнібек, үш жүздің басын қосқан Абылай хан, қазақтың соңғы  ханы, батыр Кенесары Қасымұлы, «Алаш» қозғалысының көшбасшысы Әлихан Бөкейхан бейнеленген.

Сондай-ақ лентада Қазақстан Республикасының картасы, Есік қорғанынан табылған сақ тайпасының «Алтын адамының» бейнесі және Түрік қағанатының «Бөрілі байрағы» бейнеленген.

— Лентада сақтар заманынан бастап Тәуелсіздік алған 1991 жылға дейінгі тарихымыз қайта жаңғыртылды. Лентаны шығарудағы басты мақсат тарихи жады мен тарихи сананы жаңғырту, жастардың қазақ халқының тарихына деген қызығушылығы мен құрметін қалыптастыру, — дейді «Тәуелсіздік лентасының» авторы Нұржан Сұршаұлы. — Жалпы алғанда Тәуелсіздік лентасын жасау жұмыстары екі жыл бойына жүзеге асырылды. Тәуелсіздік нышаны, оның формасы мен суреттер таңдалынып алынды. Сондай-ақ біз лентаны киюдің ережелерін жасадық. Лента кеуденің сол жағына, жүректің тұсына тағылады. Ал лентаның тағылғанда қабатталуы тамыры тереңге кеткен қатпар-қатпар тарихымызды бейнелейді.

«Тәуелсіздік лентасы» жобасы «Бөрілі байрақ» меценаттар клубының қолдауымен дайындалды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.