Қарағандыда «Тәуелсіздік лентасы» акциясы басталды

Әлия Молдағұлова атындағы Қарағанды олимпиадалық резервтегі мамандандырылған мектебінде «Тәуелсіздік лентасы» жобасы басталды. Іс-шара Қазақстан Республикасының егемендік алуының 30 жылдығына орайластырылған.

Акция барысында ұйымдастырушылар жастармен кездесіп, таспада бейнеленген оқиғалар мен адамдар туралы сөйлесуге ниетті. Қарағанды облысы мен Нұр-Сұлтан қаласы бойынша мыңнан астам лентаны тарату жоспарлануда.

Лентадан аты аңызға айналған жеті тарихи тұлғаны, мемлекет үшін маңызды төрт күнді, республика картасы мен Түркі қағанатының байрағын көруге болады. Айта кету керек, биыл Абылай ханның туғанына 310 жыл және лентада бейнеленген Әлихан Бөкейханның туғанына 155 жыл.

Тәуелсіздік лентасы жүрек аймағында кеудеге бекітіледі. Ол Қазақстан Республикасының мемлекеттік мерекелері күндерінде, сондай-ақ салтанатты іс-шараларда киіледі.

Акция Тәуелсіздік күніне дейін жалғасады.

«Тәуелсіздік лентасының» 2020 жылдың 12 желтоқсанында Қарағандыда тұсаукесері болғанын еске сала кетеміз. Бұл «Қазақ халқының мұрасы» кітаптар сериясы аясында жүзеге асырылып жатқан 21 – жоба.