Қарағандыда Әлімхан Ермеков атындағы облыстық математика олимпиадасының қорытындысы шығарылды
Қарағанды облысының білім басқармасы және «Сарыарқа дарыны» балаларға арналған қосымша білім беру аймақтық ғылыми-тәжірибелік орталығы алғашқы қазақ математик-профессоры, қазақ тіліндегі Жоғары математика курсының алғашқы оқулығының авторы Әлімхан Ермековтың туғанына 130 жыл толуына орай математикадан I облыстық онлайн-олимпиада өткізді.
Оған жалпы білім беретін мектептердің, гимназиялардың, лицейлердің және мамандандырылған мектеп-интернаттардың 8-ші сыныптарының 221 оқушысы қатысты.
78 оқушы зияткерлік жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері атанды. Бас жүлдені Қарағанды қаласының «Дарын» мамандандырылған мектеп-интернатының оқушысы Алмат Мұздыбай алды. Сондай-ақ, 7 қатысушы бірінші орынды, 28 — екінші және 42 — үшінші орынды жеңіп алды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды. Олимпиаданың барлық қатысушыларына сертификаттар берілді.