Қарағандыда күл шығымы төмен жоғары сапалы көмір шығарылады

Қарағандыда күл шығымы төмен жоғары сапалы көмір шығарыла бастайды. Жаңа байыту фабрикасының ТМД елдерінде баламасы жоқ. Qaz Carbon компаниясының ірі инвестжобасы ҚР премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр мен Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің қатысуымен іске қосылды.

Инвесторлардың ақпараты бойынша, жобаның құны 12 млрд теңгені құрады. Оны жүзеге асырудың арқасында 110 жаңа жұмыс орны ашылды. Фабриканың қуаттылығы – сағатына 300 тонна немесе жылына екі миллион тонна байытылған көмір.

– Қарағанды облысы –  бұл шикізат өндіруден бастап қайта өңдеуге дейінгі өнеркәсіптік кластерлер құрылатын индустриялық өңір. Бүгін біз жаңа технологияларды пайдалана отырып салынған байыту фабрикасының ашылуына қатысып отырмыз, –  деді Роман Скляр. – Qaz Carbon компаниясының ірі инвестициялық жобаларды іске асыруда үлкен тәжірибесі бар. Өткен жылы осы алаңда құю өндірісін ауқымды жаңғырту жүргізілді. Ал жақын арада жаңа ферроқорытпа зауыты іске қосылады деп күтілуде.

Кәсіпорында «дымқыл байыту» технологиясы қолданылады. Бүкіл процедура қоршаған ортаға зиян келтірместен жабық циклде жүреді. Өндіріс процесі толығымен автоматтандырылған. Әлемдік технологиялық әзірлемелерді қолдану және жаңа жабдықтарды орнату «Индустрия 4.0» бағдарламасының параметрлеріне сәйкес келеді.

– Фабрика құрылыс кезеңінің өзінде заманауи ақылды технологияларды енгізудің үлгісіне айналды. Сондай-ақ, жергілікті экономиканы қолдаудың үлгісі болып отыр. Өндіріс үшін шикізат біздің қарағандылық көмір болып табылады. Яғни, қазақстандық қамту үлесі 100%-ды құрайды, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.  Ең бастысы, фабрика 100-ден астам жаңа тұрақты жұмыс орнын ашып, өңірдің дамуына оң әлеуметтік-экономикалық ықпал етеді.

Өнімдерді экспортқа жіберу жоспарлануда. Бір бөлігі Қарағанды ферроқорытпа зауытының қажеттіліктеріне жұмсалады.

Жобаны іске асыру өңір экономикасын әртараптандыруға, өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігін арттыруға ықпал етеді.

– Өткен жылы пандемияға байланысты әлемдік экономика қиын жағдайға тап болды. Барлығы шешім табуға тырысты. Еліміздің өңірлері ішкі резервтерді іздеуге күш жұмсады. Қарағанды облысы қиындықтарға қарамастан дами алды. Бұл зауыт жеті айда салынған. Біз барлық командамызға орасан зор жұмысы үшін ризамыз. Инвесторлар үшін қолайлы ахуал туғызғаны үшін Елбасы мен ел Президентіне алғысымызды білдіреміз, – дейді «Qaz Carbon» ЖШС акционері Ерлан Нығматулин.

«Qaz Carbon» ЖШС акционерлері құю өндірісін жаңғыртуға айтарлықтай қаражат салды. Бүгінгі таңда компания кокс және жартылай кокс, шойын және болат өнімдерін өндірумен айналысады.

Роман Скляр Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында «Сантехпром» ЖШС-да болып, оған өндірісті жаңғырту жоспары таныстырылды. Сонымен қатар, вице-премьер өңірде «Тау-Кен Самұрық» ҰТК» АҚ жобаларының жүзеге асырылу барысымен танысты.