Қарағандыда екінші мамандандырылған ХҚКО ашылды

Қарағандыда тағы бір мамандандырылған ХҚКО жұмысын бастады. Онда қарағандылықтар мен қала қонақтары көлікті қайта тіркеу бойынша ғана қызмет ала алады. Жаңа мамандандырылған ХҚКО мына мекенжай бойынша орналасқан: Бытовая к-сі, 18/1.

Бұл ретте Мұқанов көшесіндегі №5 үйде орналасқан  мамандандырылған ХҚКО-да тек жүргізуші куәліктерін ауыстыру және бастапқы беру бойынша қызметтерді алуға болады.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Қарағанды облысы бойынша филиалының директоры Тілеубай Құсайыновтың айтуынша, Қарағандыдағы жалғыз мамандандырылған ХҚКО-ға үлкен жүктеме түскен.

— Күн сайын Мұқанов көшесі, 5 мекенжайы бойынша орналасқан ХҚКО-да күніне мың қызмет алушыға дейін қызмет көрсетіледі. Бұл бір ХҚКО маманына 50 клиентке дейін келетінін білдіреді. Сондықтан, автокөлікті қайта тіркеу бойынша қызметтерді толығымен өзіне алатын қосымша мамандандырылған ХҚКО ашу қызмет алушылардың ағынын төмендету үшін оңтайлы шешім болды, — деп қосты ол.

Жаңа мамандандырылған ХҚКО-да автокөлікті қайта тіркеу үшін 20 жұмыс орны, сондай-ақ 1 жеңілдік терезесі және дайын құжаттарды берудің 4 терезесі жұмыс істейді.

Орталық жаңа жиһазбен және техникамен жабдықталған. 200 орындық автотұрақ бар.

Мамандандырылған ХҚКО 09.00-ден 18.00-ге дейін дүйсенбіден сенбі күнін қоса алғанда аралығында жұмыс істейді.

Айта кету керек, жыл басынан бері Қарағандының мамандандырылған ХҚКО-да 100 мың автокөлік қайта тіркеліп, 50 мың жүргізуші куәлігі берілді.