Қарағандыда «Алаш Орда» мемлекеті және Тәуелсіз Қазақстан» байқауының жеңімпаздары марапатталды
Қарағандыда Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және «Алаш Орданың» негізін қалаушылар, қоғам қайраткерлері Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков және Жақып Ақбаевтың мерейтойларына арналған байқаудың қорытындысы шығарылды.
Байқауға 80-нен астам адам қатысты. Олар комиссия мен Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобына«Алаш Орда» көшбасшыларының өмірі мен қызметі туралы ғылыми жобаларды, бейнероликтер мен публицистикалық материалдарды ұсынды.
«Байқаудың мақсаты ұлттық сана-сезімнің қалыптасуы мен дамуында, қазақстандық бірегейлік пен қоғамдық келісімнің нығаюы мен дамуында «Алаш» қайраткерлерінің идеялық мұраларын таныстыру болып табылады. Ол 25 қазаннан 12 қарашаға дейін өткізілді. Лайықты жұмыстар түсті. Оған тек қарағандылықтар мен облыс тұрғындары ғана емес, сонымен қатар басқа өңірлердің, сондай-ақ Ресейден үміткерлер қатысты», – деп атап өтті ұйымдастырушылар.
«Үздік ғылыми жоба» номинациясында Қарағанды қаласының №30 жалпы білім беретін мектебінің мұғалімі Олжас Нұртай бірінші орынға ие болды.
– Мен байқауға Әлихан Бөкейханның өмірі мен қызметі туралы ғылыми жобаны ұсындым. Әрбір қазақстандық «Алаш» қозғалысының көшбасшылары мен Қазақстанның тәуелсіздік алуына қосқан баға жетпес үлесі туралы білуге тиіс деп санаймын. Комиссияға менің жұмысымды бағалағанына ризамын және жоба бойынша одан әрі жұмыс істеуге ниеттімін, – деді Олжас Нұртай.
«Үздік бейнеролик» номинациясында Saryarqa aqparat медиахолдингінің жаңалықтар және интернет бөлімінің бас редакторы Аяжан Кеңесбек жеңіске жетті. Журналистік материалдар арасында «Ұлытау» дебат клубының жетекшісі және «Астана дарыны» сыйлығының иегері Ержан Еңсебайдың мақаласы үздік деп танылды. Сондай-ақ, екінші және үшінші орындарға ие болған қатысушылар анықталды. Барлық жеңімпаздар дипломдар және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.