Қарағандыда Алғыс айту күні «Қазақ еліне мың алғыс» мүсіндік композициясына гүл шоқтары қойылды

1 наурыз Алғыс айту күні Қарағандыда «Қазақ еліне мың алғыс» ескерткіш белгісіне гүл шоқтары қойылды. Каскад алаңында, ескерткіштің жанында ҚХА, этномәдени бірлестіктер, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшелері мен еріктілер жиналды.

— Алғыс айту күнінің басты идеясы — ортақ тарихи естелік негізінде Қоғамдық келісім мен азаматтық бірегейлікті, жалпыұлттық бірлікті нығайту болып табылады. Бұл күні 1995 жылы ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Бүгін біз мейірімділік танытып, түрлі этностарды өз туыстары ретінде қабылдаған қазақ халқына алғыс айтамыз. Бір шаңырақтың астында бейбітшілік пен келісімде жаңа белестерді бағындырамыз, — деді Қарағанды облысы ҚХА төрағасының орынбасары, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Увайс Джанаев.

Аға буын естеліктерімен бөлісті, ал жастар өлеңдерімен ризашылықтарын білдірді.

— Этностар Қазақстанға деген сүйіспеншіліктерімен бірігеді, еліміз барлығының тең мүмкіндіктері бар және бейбітшілік пен келісімде өмір сүретін ошағына айналды. Қазақстанды әлемнің жүзден астам елі ең бейбітсүйгіш мемлекет деп таныды. Бұл Қазақстан халқы Ассамблеясының да еңбегі, — деп есептейді «Джорджия-2007 » грузин қоғамдық-мәдени орталығы» ҚБ төрағасы Григорий Долидзе.

Еске сала кетейік, қиын жылдары депортацияланғандарды қолдаған қазақ жері мен халқына ризашылығын білдіретін ерекше мүсіндік композиция екі жыл бұрын Қарағанды облысы кәрістер этномәдени бірлестігінің бастамасымен пайда болды. 

Облыстық кәрістер этномәдени бірлестігінің төрағайымы Лилия Ким естелік белгінің символикасы туралы айтып берді. «Қазақ еліне мың алғыс» қазақстандық корейлердің бес буынының сабақтастығын білдіреді. Композиция қашап жасалған тас — депортация жылдарында корейлердің бастан кешкен қиындықтарын білдіреді. Сонымен бірге бұл көмір — кеншілер шаһары Қарағандының символы. Лотосқа келетін болсақ, бұл гүл корейлердің ерекше сүйіспеншілігіне ие, өмірдің жаратылуының, азаптан босатудың, қайта тірілудің символы болып табылады.

— Бүгінде Қазақстанда тұратын этностар оның бір бөлігіне айналды. Біз мықты әрі тұрақты ел құрып жатырмыз, — деді Лилия Ким.