«ҚАРАҒАНДЫ–ЖЕЗҚАЗҒАН» КҮРЕЖОЛЫ «Даму дәлізін» қалыптастырудың негізі
Қарағанды – Жезқазған бағытындағы 513 шақырым күрежолды төрт жолақты қозғалыспен (2х2) 1-техникалық санатқа дейін жеткізу бүгінде бизнес өкілдерінің де үлкен қызығушылығын тудыруда. Аталмыш бағыттағы автожол арқылы елдің орталығы мен оңтүстігін жалғайтын «Даму дəлізін» құруға болады — дейді мамандар…
Бұл мəселе Ұлытау облысының кəсіпкерлер палатасының кеңсесінде өткен алқалы жиында кеңінен сөз болды. Мұнда құрылыс, логистика жəне көлік жөнінде салалық кеңестің отырысы өткен еді. Ал оның жұмысына Дүниежүзілік Банктің кеңесшісі, «Орталық Азиядағы көлік жəне логистика жөніндегі серіктестік» Қауымдастығының Президенті Берік Бөлекбаев арнайы келіп қатысты.
Жиында негізінен Қарағанды – Жезқазған бағытындағы күрежолды қайта жаңарту жобасы бойынша дайындық барысы туралы болды. Оған комитет мүшелері, отырыста қозғалған салаға қатысты жергілікті басшылар қатысты.
Кеңесте сөз алған Берік Райымбекұлы автожол құрылысы жөнінде егжей-тегжейлі баяндап берді. Оның айтуынша, Дүниежүзілік банктің қолдауымен аталмыш жоба бойынша алдын ала дайындық жұмыстары жүргізілуде. Зерттеу нəтижелері көрсеткендей, Жезқазған қаласы арқылы елдің орталығы мен оңтүстігін жалғайтын «Даму дəлізін» құруға болады жəне бизнесті дамыту мен жұмыспен қамтуды ынталандыруға үлес қосады. Құрылыс Қарағанды жəне Ұлытау облыстарының дамуына серпін береді, екі облыстың инвестициялық жəне туристік əлеуеті артады. Жобаны іске асырудың нəтижесі қозғалыс қауіпсіздігінің деңгейін арттыру, өңірдегі əлеуметтік жəне экологиялық жағдайды жақсартады деп күтілуде.
– «Даму дəлізін» қалыптастырудың маңызды шарты – көлік проблемаларына, сондай-ақ инклюзивтілік, тең мүмкіндіктер, гендерлік саясат жəне əйелдерді жұмыспен қамту мəселелеріне ерекше назар аудара отырып, өңірдің əлеуметтік-экономикалық саласын түсіну. Осы мақсатта Дүниежүзілік банк «Қарағанды-Жезқазған» мультижобасына алдын ала зерттеу жүргізуде, – дейді Берік Бөлекбаев.
Жиын барысында қауымдастық президенті Дүниежүзілік банкке жолданатын хатына қатысушылар тарапынан ұсыныстар болса, ауызша болсын, жазбаша болсын тез арада хатқа қосып, ең жақсы жəне объективті нəтижелерге қол жеткізу мақсатында банктің қолдау көрсетеміз деп тұрған мүмкіндігінен қапы қалмау керектігін жеткізді.
Орайы келгенде айта кетейік, өңірімізде қолға алынып жатқан ауқымды жобалардың бəрі Мемлекет басшысының саяси реформаларын жүзеге асыруға бағытталған. Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің өткен жылғы халыққа арнаған Жолдауында: «Қазақстан қазіргі геосаяси жағдайда Азия-Еуропа арасындағы аса маңызды құрлық дəлізі болып отыр. Біз бұл мүмкіндікті толық пайдаланып, əлемдік маңызы бар көлік-тасымал торабына айналуымыз керек. Еліміз осы салада ірі жобаларды жүзеге асыра бастады» деген болатын, Біз əңгіме етіп отырған мəселе де сол ілкімді жобалардың бір тармағы. Осы жоба арқылы еліміздің түстігі мен теріскейінің арасы жалғанып, одан əрі іргелес жатқан шет мемлекеттермен көлік-жүк тасымалы жолға қойылмақ.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ