Қарағанды облысының тұрғындарына өткен жылы 268 жоғары технологиялық операция жасалды
Қарағанды облысының дәрігерлері 2020 жылы 268 жоғары технологиялық ота жасады. Олардың құнын өтеуге медициналық сақтандыру қоры 615 млн теңгеден астам қаражат бағыттады.
Өткен жылы Қарағанды облысының 195 мыңнан астам тұрғыны тәулік бойы стационарда ем алды. Аталмыш медициналық көмек түрін төлеуге Қор медициналық сақтандыру және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі есебінен 33,4 млрд теңге бөлді. Оның ішінде жоспарлы түрде 12,4 млрд теңгеге 53,3 мың науқас емделді.
Кардиохирургиялық оталар 1 384 науқасқа жасалды, буындарды ауыстыру бойынша — 844.
2020 жылы облыста әрбір екінші босану медициналық сақтандыру қаражатынан төленді — барлығы 2,2 млрд теңгеден астам сомаға 23 мыңға жуық босану қаржыландырылды.
МӘМС енгізілгеннен кейін амбулаториялық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің де қолжетімділігі артты. Егер бұрын пациенттер 45 ауруға арналған дәрі-дәрмектерді алса, қазір ол көрсеткіш 138-ге ұлғайтылды.
— МӘМС енгізілуімен медициналық оңалту да дами бастады. 2020 жылы бұл бағытқа Қарағанды облысында 2 млрд теңгеден астам қаржы жұмсалды. 9,5 мыңнан астам пациент, оның ішінде балалар да кардиология, кардиохирургия, неврология, нейрохирургия, травматология/ортопедия сияқты бейіндер бойынша оңалтудан өтті, — деп атап өтті медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалының директоры Фазыл Копобаев.
Медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалы баспасөз қызметінің ақпараты бойынша