Қарағанды облысының су айдындарында балықтың қырылуына қарсы жұмыстар жүргізілуде
Қарағанды орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі инспекторлары балықтың қырылуына қарсы іс-шаралар өткізуде. 12 маманнан тұратын топ су астындағы жануарларға қыстап, тұншығып қалмауға көмектесу үшін аймақтың су қоймаларын аралайды.
Егер жазда балдырлар су қоймаларын фотосинтез әдісі арқылы оттегімен қамтамасыз етумен айналысса, қыста мұздың қалың қабатына байланысты бұл процесс мүмкін болмайды. Суды оттегімен байытуды басқа жолдармен қамтамасыз ету қажет.
Мамандардың айтуынша, биыл қыс өте суық, бұл мұздың қалыңдығына әсер еткен.
— Барлығы ауа-райына байланысты. Мұздың тереңдігі әр жерде әр түрлі: 50 сантиметр және метрден асады. Балықты құтқару шаралары ақпан-наурыз айларында өткізіледі. Бұл оларға оттегі жетіспейтін кезең болып саналады, — дейді Қарағанды орман және жануарлар дүниесін қорғау шаруашылығының директоры Мақсат Мұқанов.
Жақында қарағандылық мамандар осындай жұмысты Абай ауданында орналасқан тас карьері бөгетінде жүргізді. Карьер әлдекімнің меншігіне берілмейінше, рұқсатнамасыз балық аулауға болады, дейді мамандар. Тек аулау бес килограмнан аспауы керек деген ережені ұстану қажет. Мұнда мөңке, қарабалық және тұқы бар.
Балықты құтқару бойынша іс-шаралар жыл сайын өңірдің 45 бекітілмеген су айдындарында жүргізіледі. Бұрғылары бар 12 инспектордан тұратын топ олардың барлығын айналып өтеді. Әр жолы олар шамамен 30-40 тесік бұрғылайды.
— Жануарлар тұншығып қалмас үшін, жасалған тесіктерді қамыспен толтырамыз. Бұл су қатып қалмас үшін жасалады. Егер бәрі қармен жабылған болса да, өсімдік өзі арқылы ауа өткізеді.
Балықтың қырылуына қарсы іс-шаралар Бұқар Жырау ауданындағы «Петровское» бөгетінде, Молодежный кентінде — Шұғынды көлінде өтті. Мамандар 114 тесік бұрғылады.
Айта кету керек, биыл орман шаруашылығы қызметкерлерін жабдықтауға 84 миллион теңге бөлінді. Қаражат техника сатып алуға жұмсалды — бұл моторлы қайықтар, қарда жүргіштер және жол талғамайтын көліктер.
«Қарағанды орман және жануарлар дүниесін қорғау шаруашылығы» КММ баспасөз қызметінің ақпараты бойынша